Ақтаулық әйелді пойыз қызметкерлері аман-есен босандырып алды

05.06.2020 14:39

Балаға Дінмұхаммед деген есім берілді

lada.kz

Ақтөбеден Ақтауға бара жатқан әйел жүктілігінің сегізінші айында пойызда босанды, деп хабарлайды Лада.кз сайты.

Толғағы қысқан әйелді пойыз құрамының басшысы Ботагөз Қиданова мен жолаушылап бара жатқан акушер дәрігер аман-есен босандырып алған.

«4 маусым күні таңғы сағат 5 шамасында жолсерік жүгіріп келіп, жетінші вагондағы келіншек толғатып жатыр деді. Әріптестерімді ертіп алып, пойыз ішінен дәрігер іздедік. Бесінші вагоннан Светлана Нұрпейісова деген акушер дәрігер табыла кетті. Ол да Ақтөбеден келе жатқан екен. Сол дәрігердің көмегімен әйелді қызметтік купеге апарып босандырып алдық. Сағат 11.10 шамасында дүниеге ұл бала келді», - дейді Ботагөз Қиданова.

Жолда кездескен станцияларда келіншек пен оның сәбиінің жағдайын дәрігерлер тексеріп отырған.  

Айта кетер қызық жайт, Ботагөз Қиданова бұған дейін де жұмыс барысында пойызда үш қыз баланың аман-есен дүниеге келуіне атсалысқан екен.

«Балаға Дінмұхаммед деп ат қойдық. Баланың да, анасының да денсаулығы жақсы. Әйелдің жолдасы Ақтау қаласында күтіп алады», - деді ол.