Зерттеу ұялы телефонды жиі пайдалану ер адамның сперматозоид санына әсер етуі мүмкін екенін көрсетті. Кейінгі 50 жылда әлем бойынша ер адамдардағы аталық жыныс жасуша саны 50% аса азайған. Зерттеушілер оның себебін анықтауға тырысып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қоршаған ортаның ластануы, перфторалкильдік және полифторалкильдік химиялық заттар (ПФХЗ), тамағымыздағы, судағы басқа да зиянды қоспалар, семіздік пен созылмалы аурулардың көбеюі, тіпті үнемі жанымызда жүретін ұялы телефон сперматозоид санының азаюына себеп бола ма?
Жаңа зерттеу ұялы телефондардың рөлін талдап, телефонды күніне 20 реттен артық пайдаланатын 18-22 жас аралығындағы ер адамдардың аталық жыныс жасушасының саны азаю қаупі 21% жоғары екенін анықтады.
Сондай-ақ оларда сперматазоидтың шоғырлануының төмендеу қаупі 30% жоғары болып шықты.
Бір қуантарлық жағдай, 13 жыл бойғы зерттеу телефон технологиялары жетілген сайын гаджеттердің ер адам сперматозоидына әсері төмендегенін көрсетті.
Сонымен қатар аталық жыныс жасушаның физиологиялық үлгісі мен қозғалысы нашарламаған.
«Бұл — әдеттерді түбегейлі өзгертпеуі немесе үрей тудырмауы қажет қызық және жаңа зерттеу. Балалы болғысы келетін немесе жыныс жасушасының сапасын жақсартқысы келетін ар адамдар спортпен айналысып (бірақ шап маңын қыздырмай), дұрыс тамақтанып, артық салмақ пен темекі шегуден алшақ болып, алкогольді шектеуі қажет. Сондай-ақ егер бала көтеру мәселесі туындаса көмекке жүгінуі керек», - дейді бедеулікті емдейтін Care Fertility емханалар желісінің ғылыми қызметкері Элисон Кэмпбелл.
Ұялы телефон өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Дегенмен қалтафондар радиожиілікті электромагнит толқындар немесе RF-EMF бөледі.
Егер ұялы телефон максимал қуатын бөлсе айналадағы жасуша 0,5 Цельсий градусқа немесе Фаренгейт бойынша шамамен 33 градусқа қызады, делінген зерттеуде.
Калифорния қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің дерегі бойынша, радиожиілікті электромагнит толқындар мәтін түріндегі хабарламаны жібергенде айтарлықтай азайып, үлкен файлдарды, бірнеше аудио немесе видео жазбаны жібергенде, бір немесе екі ғана жолақ шығып тұрғанда, сондай-ақ жылдам қозғалып бара жатқан автобус, автокөлік немесе пойызда ең жоғары көрсеткішке жетеді.
Департамент телефонды пайдаланғанда дене мен бастан алысырақ ұстап, оның орнына дауыс ұлғайтқыш немесе құлаққап қолданып, телефонды сөмкеге салып жүруге кеңес береді.
Ер адамдардың 85%-тен астамы телефонды шалбарының қалтасына салып жүреді.
Зерттеу телефонын күніне бір реттен бес ретке дейін қолданған немесе аптасына бір реттен де аз пайдаланған жігіттердің сперматозоид саны мен олардың шоғырлануы жоғары болғанын көрсетті.
Ұялы телефондарды пайдалану жиілігі артқан сайын жыныс жасуша саны да төмендей берген.
Ең төменгі көрсеткіш телефонды күніне 20 реттен көп пайдалатын еркектерде тіркелді.
Солт-Лейк-Ситидегі Юта Университеті медицина мектебінің хирургия және урология кафедрасының доценті Александр Пастушак күн сайын балалы болуға тырысып жүрген жұптармен жұмыс істейтін сарапшы ретінде бедеулікке әсер ететін факторлар әр алуан екенін, сперматозоидтар екінші санаттағы рөлде екенін айтады.
Ол жасушаның сапасы маңызды дейді.
«Егер сіздің жасушаңыз сапалы болса, жасуша көлемі аз болса да балалы болу мүмкіндігіңіз жақсы, тіпті жоғары», - деп атап өтті ол.