Елордада қызбен кездесуге барған азамат полициядан көмек сұрады

14.11.2021 14:05

Жігіт бөлмеде ұйықтап қалған кезде күдікті Samsung G2 телефонын қолды етіп, қонақүйден кетіп қалған

© Sputnik / Владислав Воднев

Нұр-Сұлтанда қызбен кездесуге барған жігіт телефонынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ПД-нің мәліметінше, жігіт таксиде бойжеткенмен танысқан. Бірнеше күннен соң кездесуге шақырған.

"Екеуі дәмханада ішімдік ішіп, қонақүйге бет алған. Жігіт бөлмеде ұйықтап қалған кезде күдікті Samsung G2 телефонын қолды етіп, қонақүйден кетіп қалған. Іздеу шараларының нәтижесінде 30 жастағы әйел ұсталды. Ол ұрлық жасағанын мойындап отыр. Телефон иесіне қайтарылды. Оның ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр", – делінген хабарламада.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті бейтаныс адамдарға сенбеу керектігін ескертеді. Жеке заттарды қараусыз қалдырмауға кеңес берді.