21 жастағы Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева кәсіби спортағы мансабын аяқтады. Бұл туралы Элизабет Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол мұндай шешім қабылдауына арқасынан алған жарақаты себеп болғанын айтқан.
«Үлкен спорттағы 16 жылымда жеңісті сәттер де, жеңілістер де, жарақаттар да болды. Осы аралықта менің қымбатты жанкүйерлерім жанымда болды. Сіздердің қолдауларыңыз бен тілектеріңіз мені шабыттандырды. Мен сіздергі, өз халқыма қажет екенімді сезініп келдім және бұл маған үлкен күш-қуат сыйлады. Сіздердің сенімдеріңіз болашақта әр түрлі салада жетістікке жетуіме көмектеседі», — деп жазды Элизабет Тұрсынбаева.
Лиза әйелдер арасында халықаралық жарыстарда төрттік элемент орындаған алғашқы мәнерлеп сырғанаушы ретінде мәңгі тарихта қалмақ. Жарақат болмағанда ақпанда Пекин олимпиадасына жүлдеге таласуға барар еді. Ресей мен Жапония қыздарымен иық тіресе жарысқа түсе алатын санаулының бірі еді.
Айта кетейік, Элизабет Тұрсынбаева 2000 жылы Мәскеуде өмірге келген, мәнерлеп сырғанау спортымен де Мәскеуде айналыса бастады. 2013 жылы Мәскеудің жасөспірімдер арасындағы чемпионатын жеңіп алған соң Ресей жастар құрамасына шақырту алған, алайда ата-анасы Қазақстан атынан өнер көрсетуді жөн көрді. Ол Қазақстанның 2014-2016 жылдары ересектер арасындағы чемпионы, 2019 жылы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2017 жылғы Қысқы Азиада ойындарының күміс жүлдегері.