Биыл шомылу маусымы басталғаннан бері еліміздің су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Қазақстанда соңғы 10 жылда 2 240 адам, оның ішінде 701 бала суға кетіп көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Дүниежүзілік суға батудың алдын алу күні қарсаңында Төтенше жағдайлар министрлігі бір апталық республикалық «Балаларды суда қорғаңыздар» акциясын бастады.
Акцияның мақсаты — кәмелетке толмаған азаматтардың жазатайым оқиғаға ұшырауына және қаза болуына жол бермеу.
Қазақстанда соңғы 10 жылда 2 240 адам, оның ішінде 701 бала суға кетіп көз жұмды.
Биыл шомылу маусымы басталғаннан бері еліміздің су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қазақстан құтқарушылары 160 адамды, оның ішінде 44 баланы құтқарды.
Алайда жаз басталғалы 93 адам, оның ішінде 35 бала суға батып кетті.
Балалардың қайтыс болу фактілері көбінесе Атырау, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Абай облыстарында тіркелді.
Негізгі себептері — тыйым салынған жерде шомылу, балаларды қараусыз қалдыру, шамасына қарамай алысқа жүзу және жүзе алмау.
Осыған байланысты аталмыш өңір құтқарушылары кезекті рейдке шығады.