Жамбылдағы жарылыс: Қоғам қайраткерлері марқұмдардың отбасыларына көңіл айтты

Жамбылдағы жарылыс: Қоғам қайраткерлері марқұмдардың отбасыларына көңіл айтты
Этномәдени бірлестіктердің өкілдері де Байзақ ауданындағы апат салдарынан мерт болған азаматтардың жақындарына сабыр тіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Тас - түскен жеріне ауыр». Кешегі дүрбелеңде о дүниелік болған бүгінгі батырлардың артында – бала-шағасы, ағайын-туысы боздап қалды. Қазаның орны толмайды. Тек елдің тілегі, жұрттың жұбатуы көңілге медеу. Қоғамның әрбір өкілі қара жамылған бұқараға, шейіт болған қаһармандардың отбасыларына көңіл айтып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Ел тыныштығы жолында жүріп, шейіт болған азаматтар мәңгі жадымызда қалады». Бүгін – Жалпыұлттық аза тұту күнінде қоғам қайраткерлері қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақ екенін жеткізді. Олар Отан алдындағы антына адал болып, жарылыста қаза тапқан әскери қызметкерлер есімі ешқашан өшпейтінін айтты.

«Лаулаған өртке басқалар үшін өздерінің өмірін қиған біздің қырандарымыздың жаны жәннатта болсын. Туысқандарына, жақын адамдарына, Жамбыл облысындағы халыққа шын жүрегімізден көңіл айтамыз. Мұндай жағдай енді болмай-ақ қойсын», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Фарида Мерхамитқызы.

Күллі қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырған ауыр кезеңде біз жамбылдықтармен біргеміз. Этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері де Байзақ ауданындағы апат салдарынан мерт болған азаматтардың жақындарына сабыр тіледі.

«Құрметті отандастар! Қазақ елінің басына қиын күндер өтіп жатыр. Жамбыл облысында жарылыс болды. Сол үшін мәдениет орталығының атынан халқыма көңіл айтамын. Марқұмдардың отбасыларына сабыр тілеймін», – деді Түрік мәдени орталығының төрағасы Шахисмаил Асиев.

«Өзбек этно-мәдени орталығының  атынан марқұмдардың отбасына көңіл айтамын. Әскери қызметкерлердің ерен еңбегіне бас иеміз. Туыстарының бекем болуын тілеймін», – деді Өзбек этно-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Абдухалил Оралбаев.

Орны толмас өкінішке алматылық мәслихат депутаттары да ортақтасады. Ел қалаулылары қолдан келетін көмектің бәрін көрсетуге әзірлігін білдірді.

«Біз алматылық азаматтар ретінде от кешкен батырлардың жанұясы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Жарақат алғандардың аяқтан тұрып кетуіне тілектеспіз. Апат салдарын ретке келтіруге қажетті шараларды жұмыла көтеруге дайынбыз», – деді қалалық мәслихат депутаты Әсия Ақанова.

Қоғам өкілдері елге қызмет ету жолында қыршын қиылған боздақтардың рухы көкте шалқысын деген тілек білдірді.

Назкен Еркін, Сымбат Ноғай, Мейрам Исабеков, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров