Аталған флешмоб жарияланғаннан кейін оған қосылуға ниет білдіргендер қатары арта түскен
Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің бүкіл әлемдегі жанкүйерлері «We’re Golden» - «Біз – алтынбыз» жаңа флешмобын бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
2 ақпан күні Димаш Құдайберген Instagram-дағы өз парақшасында «Golden» видеоклипінің кейіпкерлері киген фильтр-масканы ұсынған еді. Әншінің фанаттарына алтын маска қатты ұнап, олар қызықты флешмоб ұйымдастыруды шешкен: маскада фотоға түсіп, әндегі «We’re Golden» сөзін өз ана тілінде айтуы қажет. Осылайша, YouTube-те жарияланған видеода Димаштың әлемнің түкпір-түкпіріндегі 356 жанкүйерін көруге және «Біз – алтынбыз» сөзін 38 тілде естуге болады. Қазақстандық әнші әсерлі акция үшін ризашылығын білдіріп, видео астына комментарий қалдырды.
Аталған флешмоб жарияланғаннан кейін оған қосылуға ниет білдіргендер қатары арта түскен. Сол себепті алдағы таяу уақытта «Daily Vitamin D»-нің YouTube-каналында акцияның кеңейтілген видеосы жарияланатын болады. Онда тағы 10 тіл қосылады.
Еске салайық, Димаш Құдайбергеннің «Golden» әніне түсірілген бейнебаян 31 қаңтарда жарияланды. Композицияны Spotify, Amazon Music, iTunes, YouTube Music, Deezer, Yandex және өзге де музыкалық стримингілік платформаларында тыңдауға және сатып алуға болады.