Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні
Алматыда мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай дүбірлі концерт өтті. Кеште мыңдаған алматылық ауа райының қолайсыздығына қарамастан эстрада жұлдыздарымен бірге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранын шырқады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айта кетейік, 3 маусымда Республика сарайының алдындағы Абай алаңында ашық аспан астында мемлекеттік рәміздеріміздің 30 жылдығына орай керемет кеш өтті. Мерейлі концертті тамашалауға жиылған жұрттың қарасы көп болды. Бәрінің көңіл күйі көтеріңкі. Сахнада эстрада жұлдыздары өз репертуарларындағы әндерді орындап, ұлттық билер көрермендерге тарту етілді. Қала әкімінің орынбасары алматылықтарды айтулы мерекемен құттықтады. Ал өнер майталмандары өз сөзінде мемлекеттік рәміздер - еліміздің тәуелсіздігі мен дербестігінің көрінісі және оларды құрметтеу әрбір қазақстандықтың борышы екенін алға тартты.
«Әрқайсымыз өзіміздің әнұранымызды, туды, елтаңбаны қастерлеуді сезінсек, ұлттық рухымыз асқақ ел боламыз», – деді әнші Ғазизхан Шекербеоков
Отанын сүйетін әрбір азамат мемлекеттік ту, елтаңба, әнұранды тұмардай қасиет тұтуы қажет екені хақ. Өйткені рәміздер елдің өзіндік өмір салтын, ұлттық болмысын көрсететін айрықша белгі болып табылады.