Бүгін – Көрісу күні

14.03.2023 14:12

Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды

kartinkof.club

Бүгін қазақ халқының көнеден келе жатқан дәстүрлі мерекесі - Көрісу күні, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда Көктөбенің төрінде жаңа жылдың бастау – көрісу күні ауқымды түрде аталып өтті. Қыстан аман шыққан жұртшылық бір-бірімен көрісіп, төс қағыстырып, мәре-сәре күй кешті.

Амал – төс қағыстырып, елдің амандығын, бірлігін көрсететін мереке. Кішіпейілділік пен кешірімге үндейді. Бауырмалдыққа бастайды. Көктөбенің төрінде өткен мерекелік іс-шарада жиылған жұрт ұлтқа ортақ құндылықтың бәрін де тамашалады. Жастар жағы жарапазан айтса, үлкендер кішіге ізет көрсетіп, бір-бірінен хал сұрасты.

«Бұл – мейірім, махаббат оянып жатқан кезде адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін арттыратын мереке. Бұл қазақ үшін ғана емес, тұтас адамзатқа керек. Қасиетті, парасатты бабалардың ұрпаққа қалдырған мұрасы деп білуге болады», – деді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұратхан Шоқан.

Қыстан қысылмай шығып, көктемнің жайма шуақ күнінде ұлық мерекені әспеттеген ел бүгін бір жасап қалды. Жас та, жасамыс та разы. Әз-наурызды қалың қазақ береке-бірлікпен қарсы алуға ниетті.

«Елде қашанда амандық, бірлік, береке болсын. Бір-бірімізге жақсы тілек тілеп, жан жылуын,  сұлулығын сыйлап жүре берейік», – деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртісі Марал Анарбек.

«Айдан аман, жылдан есен шыққанымыз үшін Аллаға мыңда бір шүкір! Бір-бірімізбен көрісу арқылы мейірге тәрбиелейтін амал мерекесінің маңызы зор деп ойлаймын», – деді  «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртісі Бибігүл Қилымхан.

Нұрлан Оразалиннің айтуынша, мереке соңғы кезде бұқаралық сипат алып келе жатыр. Бұрын тек Батыс өңірінде тойланып келсе, қазір республика деңгейінде аталып өтіп, ауқымы кеңейген. Бұл жақсы үрдіс дегенді алға тартты аға буын өкілі.

«Халықтың арманына, ойына, мақсатына, санасына жақындау болатын болса – біз ондай мерекенің бәрін қабылдауымыз керек. Ондай дәстүрдің бәрін қайта тірілтіп, жандандыруымыз керек. Елімізге ырыс та қонсын, береке де берсін. Мына аласапыран болып жатқан заманда жаңа жылдан тілейтініміз – іргеміз аман болсын», – деді Мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Нұрлан Оразалин.  

Алматыда бүгін басталған Ұлыстың ұлы тойы ай соңына дейін жалғасады. Қаланың 8 ауданында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазан көтеріледі.

Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы