Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген қызметкерлер марапатталды
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша денсаулық сақтау саласының, құқық қорғау органдарының, ТЖД және құтқару қызметінің ТЖ кезінде зардап шеккен және жұмыс істеген қызметкерлеріне материалдық көмек аударылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Хабарланғандай, аталған салалардың зардап шеккен қызметкерлеріне өтемақы төлеу өткен дүйсенбіде басталды. Бүгінде аталған көмекті 211 адам алды. Өтемақы процесі жалғасуда.
Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген қызметкерлер марапатталды. Оның ішінде жалпы сомасы 546,7 млн теңге болатын қаржылай көмек 3882 медицина қызметкеріне, 13 млн теңге - 93 құтқарушыға, 126 млн теңге -төтенше жағдайлар департаментінің 1207 қызметкеріне аударылған.
Жақын күндері қалалық Полиция департаментінің 3878 қызметкеріне толық көлемде қаражат аудару аяқталады.
«Өз өмірлеріңізді қатерге тігіп, жарақаттанған адамдарға көмек көрсетуден тайсалмадыңыздар. Сол үшін сіздерге көп алғыс айтамыз. Біз қандай жағдай болса да сіздермен бірге болдық, ары қарай да қолдауымызды аямаймыз. Өйткені денсаулық сақтау ұйымдары үзіліссіз жұмыс істеуі керек екенін жақсы түсінеміз», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.