Оның айтуынша, бойы 6-сыныпта оқып жүргенде өсе бастаған
Атырау облысында бойы 2 метр 15 см алып жігіт тұрады, оның аяғының өлшемі – 56, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Алып жігіттің аты-жөні – Парасат Нұрғалиев. Отбасында 3 ағасы мен бір апайы бар. Қазір ол отбасының кенжесі болғандықтан, Индер ауданындағы Құрылыс ауылында анасымен бірге тұрады.
«Анашымның айтуынша, мен өмірге келгенде, салмағымда да, бойымда да ерекшелік байқалмапты. Ағаларым мен апайым да орта бойлы, мен сияқты емес. Алайда, әжем ірі сүйекті болған екен. Әкем де ұзын бойлы, кең иықты, ірі саусақты болыпты», - дейді Парасат Нұрғалиев.
Оның айтуына қарағанда, бойы 6-сыныпта оқып жүргенде өсе бастаған. Киімдері қысқарып, аяғының өлшемі де үлкейген. Ал, 9-10-сыныптарда оқыған кезде 50-өлшемді аяқкиім табу қиынға соққан. 2014 жылы мектепті бітіргенде, салмағы 120 келіге жетіп, бойы 2 метр болған.
«Менің денсаулығымда еш кінәрат жоқ. Бойымның ұзындығы да, салмағымның ауырлығы да жүріс-тұрысыма кедергі келтірмейді. Қазір бойым – 2 метр 15 см, салмағым – 150 келі, ал аяғымның өлшемі 56-ға жетті. Киімді арнайы тапсырыспен тіктіремін», - деп күледі алып жігіт.
Жарсуат ауылының тұрғыны Байғали Утемановтың айтуынша, ауыл тұрғындарынан «Шапағат» қоры құрылған. Қорға жиналған қаржыға жақында Алматы қаласындағы аяқкиім шебері Валерий Воронинге тапсырыс берілген. Аяқкиім шебері Парасат үшін 56-өлшемді аяқкиім тігіп берген.
«Біздің ауылдың тұрғындары 2017 жылдан бері қорға қаржы жинап, түрлі іс-шараға демеушілік жасаймыз. Ерекше жаратылған Парасаттың аяғының үлкендігін көріп, аяқкиім алуға көмектесудің жолын іздестірдік. Астана, Алматы, өзге де қалалардағы аяқкиім шеберлеріне хабарластық. Соның ішінен Алматыда тұратын аяқкиім шебері Валерий Воронин таза былғарыдан 56-өлшемді аяқкиім тігіп берді. Аяқкиім үшін 200 мың теңге төледік. Алматыда тұратын Жарсуат ауылының азаматы Жалғас Жанғалиев аяқкиімді тігу барысын қадағалап, дайын болғасын таныстарынан беріп жіберді», -дейді Байғали Утеманов.
Қазір алып жігіт Парасат Нұрғалиев достарымен бірге іргетас құю, сылақ жүргізу секілді әртүрлі жұмыс істейді. Мектеп бітіргеннен кейін дәнекерлеуші мамандығын алған.