Құнды хабарларымен көрермен жүрегінен орын алған журналистиканың қара нары отандық баспасөзге мол еңбек сіңірді
«Қатал тағдыр пендесін көзден жасырғанмен, қоғам игілігіне сіңірген еңбегін жасырып қалуға дәрменсіз. Ендігі жерде ағамыздың... Ағамыз енді тарихтың таусылмас ғұмыры, жығылмас тұғыры ғой», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс.
Нұртілеу Иманғалиұлы қазақ телевизиясында тілшіден, ең алып телекомпания төрағасы қызметтерін атқарған. Құнды хабарларымен көрермен жүрегінен орын алған журналистиканың қара нары отандық баспасөзге мол еңбек сіңірді.
«Намыстың адамы еді. Телевизияның намысын бермеді. Қазақ журналистикасының намысын ешкімге жібермеді. Ұлтының намысын ешкімге бермеді. Екіншіден, бұл кісі тек қана тауып сөйлеуге ұмтылатын. Бұл кісінің әр сөзінде мағына болатын. Бос сөзге құмар емес еді. Үшіншіден, бұл кісі журналистиканың асқан жауапкершілігін көрсетіп өтті», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай.
Айта кетейік, белгілі журналистің өмірден өтуіне байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасы мен туыстарына көңіл айтты.
«Нұртілеу Иманғалиұлы телевизия саласында өзінің қолтаңбасын қалдырды. Ұзақ жылғы шығармашылық жолда жемісті еңбек етіп, халқымыздың рухани-мәдени байлығын дамытуға мол үлес қосты. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын!» делінген жеделхатта.
«Алматы» телеарнасының ұжымы Нұртілеу Иманғалиұлының жақындары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.