Олардың қатары күннен күнге артып келеді
Қазақ жерінде өсіп-өніп, тілімізді терең меңгерген өзге ұлт өкілдері көп. Олардың қатары күннен күнге артып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі sn.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның ішінде қазақ тілін ана тіліндей меңгерген танымал тұлғалар да жетерлік. Бүгінгі мақаламызда сол тұлғалар туралы айтпақпыз.
Геннадий Шиповских
Қазақ тілін ана тіліндей меңгергендердің бірі бұрынғы теміржолшы Геннадий Шиповских. Бүгінде ол Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты қызметін атқарып жүр. Жас депутат 1989 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысының Сексеуіл ауылында дүниеге келген. Ата-анасы қайтыс болғаннан кейін Қызылордадағы балалар үйіне жіберілген. Оны балалар үйінен қазақ отбасы асырап алған. Міне осы жағдай оның қазақ тілін жетік меңгеруіне сеп болған.
Оксана Лоскутова
Қазақ тіліндегі жаңалықтарды жүргізетін Оксана Лоскутова көп ұлтты отбасында туған. Әкесі – орыс, анасы – қазақ. Қазақ тіліне деген қызығушылығын анасы оятқан. Отбасында көбінесе орысша сөйлескендіктен Оксана қазақ тілін меңгеруді орта мектепті тәмамдағаннан кейін ғана қолға алған. Сол мақсатпен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен. Ниет болса кез келген тілді меңгеруге болады дейді тележурналист.
Игорь Сахар
Тағы бір тележүргізуші Игорь Сахар 1987 жылы Маңғыстау облысының Шетпе ауылында дүниеге келген. Тоғызыншы сыныпқа дейін Берекет Жұмалиев атындағы қазақ орта мектебінде білім алған. Кейін оқуын Ақтаудағы Қайнар колледжінде жалғастырған. Жас күнінен қазақи ортада өскен ол тіл меңгеруде қиналмаған көрінеді.
Майя Веронская
Танымал тележүргізуші Майя Веронская бастауыш мектептен кейін қазақ тілін үйрене бастаған. Себебі әкесі сол кезде оны қазақ мектебіне ауыстырыпты. Ол кезде қазақша бірде бір сөз білмеген Майя кейін қазақи ортаға сіңіп кетеді.
Александр Зайчиков
2008 жылғы Азия жастар чемпионатының қола жүлдегері, 2009 жылғы жастар арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2015 жылы 105 кг салмаққа дейінгі категорияда алтын медальға ие болып, әлем чемпионы атанған Александр Беларусияда дүниеге келген. Кейін оның отбасы Қызылордаға қоныс аударады. Осы жерде ол спортпен шұғылдана бастайды. Қалың қазақтың ортасына түскен ол сол жерден мемлекеттік тілді де жетік меңгеріп шығады.
Ислам Байрамуков
Еркін күрес шебері, Олимпиаданың күміс жүлдегері, Азия чемпионы Ислам Байрамуков болса барлық ресми шараларды тек қазақ тілінде сөйлеп, тәнті етумен келеді.
Марина Вольнова
Әйелдер боксынан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Марина Вольнова Қазалы ауданында дүниеге келген. Туғаннан қазақтардың ортасында өскен ол тіл меңгеруден еш қиындық болмады дейді.
Анна Данченко
Қазақ тілін жетік меңгерген тележурналистің бірі –Анна Данченко. Тележурналист Қызылорда облысының Арал қаласында дүние есігін ашқан. Қазақтың тілін ғана емес, мәдениеті мен дәстүрін бала күнінен бойына сіңіріп өскен. Мектеп бітіргеннен кейін Ақтөбе университетінің филология факультетіне оқуға түскен. Бұл оның тұрмыстық деңгейдегі қазақшасын әдеби деңгейге көтерген. Кейін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде магистратура оқыған.
Анна «31 арнадағы» «Айта берсін» бағдарламасының авторы. Түрлі бағдарламалардың жүргізушісі қызметін атқарған.
Максим Рожин
Қазақ тілінде туған тіліндей сөйлейтін азаматтардың бірі – Максим Рожин. Максимнің отбасы 1989 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласына көшіп келген. Оның қазақ тілін еркін меңгеруіне қазақи ортада өсуі және анасының да қазақ тілін жетік білуі әсер етсе керек.
"Ауылда өстім. Көршілеріміздің бәрі қазақ отбасылары болды. Жалғыз орыс отбасы біз ғана болдық. Өз елін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де тез меңгереді. Ал менің қазақ тілін еркін меңгеруіме араласқан ортам көмектесті. Мені ешкім қазақ тілін үйрен деп қинаған жоқ. Қазақ тілін өзім үйрендім. Осы үйренгендерім бүгінде өз қажеттілігіме жарауда. Менің анам да, қарындасым да қазақ тілінде еркін сөйлейді", – дейді Максим.
Ол журналистикаға да қазақ тілін білгендігінің арқасында келіпті. 2006 жылы саяси іс-шараға қатысқан Максим қазақ тілінде сөйлеп, журналистердің назарын өзіне аударған. Содан кейін Максимді отандық телеарналардың біріне қызметке шақырады. Оның айтуынша, қазақ тілін меңгеру үшін ең алдымен ниет болуы керек.