Қостанай облысында 22 келі есірткі алып өтпек болғандар ұсталды

29.05.2019 14:25


Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қостанай облысы бойынша департаментінің өкілдері 22 келі есірткі алып өтпек болған екі ер адамды ұстады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

2018 жылдың 19 қарашасында салмағы 19 келі 230 грамм марихуана өткізбек болған В.Бондуровский есімді ер адам ұсталған. Жауап алу барысында ол кінәсін мойындап, есірткіні екінші ер адам А.Чигаркиннен алғанын айтқан. Осылайша, 20 қарашада комитеттегілер А.Чигаркинді анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, одан салмағы 3 келі 721 грамм марихуананы тәркілеген.

«Сонымен жалпы тәркіленген есірткінің жалпы салмағы - 22 келі 951 грамм. 2019 жылдың 6 мамырында Қостанай облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша сотының үкімімен А. Чигаркин ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігі және 297-бабының 3- бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 13 жылға бас бостандығынан айрылды, ал В.Бондуровский ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша 10 жылға бас бостандығынан айрылды», - делінген ҰҚК хабарламасында.