Осы жылдың ақпан айында жаңа құрамдағы үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда Парламентте өткен жиында үкіметтің алдына бірқатар ауқымды міндет қойғанын еске салды.
"Оның үстіне біз апта ішінде үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын дайындауымыз қажет. Ол ақпан айының басында өтетін үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралады", – деді Смайылов үкіметтің жаңа құрамының алғашқы отырысында.
Бүгін, 12 қаңтарда елордада жаңа құрамдағы үкіметтің бірінші отырысы өтіп жатыр. Отырыста жаңа министрлер салтанатты түрде ант берді.
Еске салсақ, 11 қаңтар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің жаңа басшысын тағайындады. Премьер-министр қызметіне Әлихан Смайылов келді.
Ол үкімет отставкаға кеткенге дейін экс-премьер Асқар Маминнің бірінші орынбасары болған еді.
Артынша мемлекет басшысы үкіметтің жаңа құрамын бекітті. Министрлердің көбі өз орнында қалды. Бірқатар ведомствоға жаңа басшы тағайындалды.