«Алматы» телеарнасының қызметкері лаңкестердің қолынан қаза тапты

10.01.2022 14:30

Марқұмның артында кәмелетке толған 3 баласы мен немерелері қалды

Еліміз ауыр күндерді бастан өткеріп жатқан уақытта полицейлер мен медицина қызметкерлері секілді бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де алдыңғы шепте жұмыс істеп жатыр. 6 қаңтар күні кешқұрым «Алматы» телеарнасының қызметкерлері түсірілім кезінде террористердің заңсыз әрекетіне тап болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дәл сол уақытта әл-Фараби көшесімен Назарбаев даңғылына қарай бет алған көлікте әріптестеріміз болған еді. Өкініштісі, көлік жүргізушісі Мұратхан Базарбаев оққа ұшып, оқиға орнында жантәсілім етті. Туыстары марқұмды соңғы сапарға туған жері Арыс қаласында шығарып салды. Арнамызға 2019 жылы наурыз айында жұмысқа орналасқан 54 жастағы әріптесіміз 2 жыл бойы пандемия кезінде де адал қызмет еткен еді. Бүгінде ел басына ауыр күн туған уақытта да еш қиындықтан тайынбай, қызметтік борышын абыроймен өтеп, ерлікпен қаза тапты. Марқұмның артында кәмелетке толған 3 баласы мен немерелері қалды. 

«Ағамыз марқұм үнемі жұмыста жадырап күліп, қасымызда жүретін. Түсірілімде болсын, басқа уақытта да келіп, өзінің мақсатын, алға қойған жоспарларын айтып отыратын. Жаратқанның ісіне амал нешік?! Тағдыр солай жазып тұрған екен. Марқұмның иманы жолдас болсын. Отбасына сабыр тілейміз, қайғырып көңіл айтамыз», – деді «Алматы» телеарнасы бас директорының орынбасары Құрманәлі Қалмақан.

Атыс салдарынан арнамыздың телеоператоры Диаскен Байтибаев та жараланған болатын. Ал екінші оператор Арсен Сандыбаев аман қалды. 

«Алматы» телеарнасының ұжымы марқұм болған Мұратхан Базарбаевтың отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Әріптесіміздің есімі БАҚ өкілдерінің жүрегінде мәңгі сақталып, ардақталатыны сөзсіз. 

«Мұратхан ағамен 2 жыл бойы бірге жұмыс істедік. Ол кісі өте адал, еңбекқор еді. Тазалықты жаны сүйетін. Ешқашан қиындықтан қашпайтын. Кез келген уақытта көмек қолын созуға дайын тұратын. Мұратхан ағаның жақындары мен туыстарына көңіл айтамыз. Біз ол кісіні ешқашан ұмытпаймыз», – деді «Алматы» телеарнасының қызметкері Ринат Рысалдиев.