Ел үкіметі «жасыл» тізімге енген 118 елдің тізімін жариялады
Қазақстан Қатарға кіретін «жасыл тізімдегі» елдердің ішіне енгізілді. Енді елге кіруді жеңілдейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қазақстанның Катар мемлекетіндегі елшілігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жаңартылған ережеге сәйкес, 11 жасқа дейінгі балалар толық вакцина алған отбасы мүшелерімен бірге болған жағдайда Катарға карантиннен өтпей-ақ бара алады. Ел үкіметі «жасыл» тізімге енген 118 елдің тізімін жариялады.
Елшіліктің мәліметінше, енгізілген жаңа ережелерге сәйкес, Катарға кірерде вакцинаның екі дозасын алған жасыл тізімдегі елдердің азаматтары үшін ПТР-тестін тапсыру міндет емес. Алайда, оларға елге келгеннен кейін 36 сағат ішінде тест тапсыру қажеттілігі бекітілген. 4 жасқа дейінгі балалар бұл сынақтан босатылады. Қазақстанда егілетін Sinovac және Sputnik-V вакциналары Катарда ішінара мойындалды.
Аталған вакцинаның екі дозасын алған адамдар алдын ала оң нәтижелі серологиялық антидене сынағын (a positive Serology Antibody test pre-travel) тапсыруға міндетті және оның жарамдылық мерзімі 30 күн болуы тиіс.
Катар аумағында тұрмайтын азаматтар келу уақытынан кемінде 3 күн бұрын www.ehteraz.gov.qa сайты арқылы алдын ала тіркеуден өтуі қажет. Елге ұшып келген жолаушылар Ehteraz қосымшасын (қазақстандық «Ашық» қосымшасының баламасы) халықаралық SIM-картасымен қоса алады.
2021 жылғы 3 қазаннан бастап Катарда коронавирусқа байланысты енгізілген көптеген шектеу алынды. Атап айтқанда, мемлекеттік және жеке сектордың барлық қызметкері жұмыс орындарына оралды. Ашық қоғамдық орындарда бетперде кию міндетті емес. Театрлар мен кинотеатрларға сыйымдылығы 50 пайыздан аспайтын мөлшерде қызмет көрсетуге рұқсат берілген. Білім беру орталықтары, мұражайлар мен көпшілік кітапханалар жұмысын толық көлемде жандандырды.