Сәбидің салмағы 5 келі
Тараздағы перзентханада салмағы 5 келі, бойы 62 сантиметр қыз бала дүниеге келді. Бұл туралы Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының Іnstagram парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
19 сәуірде сағат 09:45-те Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық орталығының қабылдау бөліміне толғағы қысқан жүкті әйел түскен. Дәрігерлердің қарап-тексеруінен кейін бірден консилиум ұйымдастырылып, онда босандыру әдісі туралы мәселе шешілген.
"Шарана анасының құрсағына басымен емес, жамбас ұшымен, яғни бөкселермен келген және басқа да зерттеулерге қарағанда нәрестенің салмағы әдеттегіден үлкен көрініп тұрды. Мамандардың айтуынша, кейде анасының құрсағына жамбаспен келген үлкен салмақты балалар табиғи жолмен туады және бәрі жақсы болады. Бірақ бұл жағдайда қиындық тудырғаны - ұрықтың үлкен салмағы мен ананың метаболикалық синдромы. Ана мен бала амандығын қамтамасыз ету үшін дәрігерлер шұғыл түрде кесір тілігі арқылы босандыру туралы шешім шығады", - деді басқарма өкілдері.
Сағат 10:46-да салмағы 5 келі және бойы 62 сантиметр болатын қыз бала дүниеге келген. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай нәрестелер "алып" деп аталады.
Алып баланы дүниеге әкелген анаға хирургиялық араласу жасап, кесар тілігімен сәбиді аман-есен шығарған дәрігерлер Бағдат Нұрмахан мен қабылдау бөлімінің меңгерушісі Ақерке Тоқбергенованың айтуынша, ауыр салмақты нәресте дүниеге келген - қалыпты жағдай.