Алматылық полиция майоры Бақытжан Бәкіров ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды

28.07.2020 01:12

Бақытжан Бәкіров полицейден қашып құтылмақ болған қылмыскердің соңынан 13 қабаттың терезесінен секірген еді

Фото: Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен

Алматылық полиция майоры Бақытжан Бәкіровті ел Президенті ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапаттады. Естеріңізде болса, Бақытжан Әнуарбекұлы кәмелетке толмаған жасөспірімді тонаған және зорлаған күдіктіні ұстау барысында онымен бірге 13 қабаттан секіріп, 11-нші қабаттың алаңына құлаған болатын. Жараланған аяғына қарамастан күдіктінің қолын бұрап әріптестері келгенше ұстап отырған. Қызмет барысында ерлік жасаған полицейдің қазіргі жағдайы қандай? Ал, әріптестері ол туралы қандай пікірде? Almaty.tv тілшісі Арнат Дүйсен полицейдің өзімен сұхбаттасып қайтқан болатын.

4 күн іздеуде жүрген қылмыскердің қайда жасырынғаны анықталған соң полицейлер бірден пәтер иесіне хабарласқан. Сантехтик маманының киімін киіп алған Бақытжан Бәкіров пәтер қожайынымен бірге күдікті жалдап тұрған үйге кіреді. Қылмыскер әлденеден күдіктеніп 13-ші қабаттан секірмек болады. Бақытжан Бәкіров ойланбастан артынша терезеге ұмтылады.  

«Терезеге жүгірген кезде мен оны ұстаймын деп әрекет жасадым. Сол арада біз құладық. Құлағаннан кейін күдікті қайтадан орнынан тұрып, қашпақшы болды. Мен сол арада оның аяғынан тартып, мойнын қылқындыру әдісін жасап, ұстап тұрдым», – деді Түрксіб аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі Бақытжан Бәкіров.

Екі қабаттан төмендеу жердегі алаңқайға түскен құқық қорғау органының қызметкері табанын тайдырып алған. Соған қарамастан, ол қылмыскерді қолынан бұрап, қасындағы әріптесі келгенше жібермей ұстап отырған. 6 баланың әкесі бұл ісін ерлік деп санамайды. Себебі, кез-келген полицей болса, осындай қадамға барар еді дейді. Ал, Бақытжан Әнуарбекұлының әріптестері керісінше оны мақтан тұтады.        

«Мінезі салмақты, полиция қызметіне орналасып жатқан жас қызметкерлерге үлгі болатын адам. Әріптестерінің ішіңде өте сыйлы қызметкер. Өзінің қызметтік борышын атқарып, берген антына сәйкес қылмыскерді қандайда жағдай болмасын ұстады», – деді Түрксіб ауданы криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Ернат Жаңбырбаев.

2005 жылдан бері Түрксіб аудандық полиция басқармасында қызмет етіп келе жатқан Бақытжан Бәкіровтің аяғына үш рет ота жасалған, Деседе, ол біздің түсірілім тобына аяғының ауырсынғанын еш білдірмеді. Қазір ол  үй жағдайында ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оны көп ұзамай жұмысқа оралады деген екен.

Арнат Дйүсен, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы