Оны күйеуі мен туыстары өлтірді: тараздық келіншектің туыстары оның мәйітін қазып алуды сұрап отыр

25.01.2019 14:38

Оны күйеуі мен туыстары өлтірді: тараздық келіншектің туыстары оның мәйітін қазып алуды сұрап отыр.

Таразда жас келіншектің өліміне қатысты істің нүктесі қойылар емес. 21 жастағы Гүлнұр Тұрдалының өліміне қатысты іс 2 рет жабылған.  Тергеу оның өзіне қол жұмсағанын айтып отыр. Алайда марқұмның жақындары бұл нұсқамен келіспей, қайғылы жағдайға күйеубалаларының туыстарын кінәлайды, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.

Гүлнұрдың туыстары оның өзіне қол жұмсауы мүмкін емесіне сенімді. Айтуларынша, оның өліміне күйеуі мен туыстарының қатысы бар. Сондықтан марқұмның денесін қазып алып, сараптама жасатқысы келеді.

«Бізді ешкім қолдап жатқан жоқ. Өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес, ол жап-жас қыз. Оның қайын сіңлісі, енесі, күйеуі бар, осы үшеуінен көріп отырмыз деп айтқанбыз», – дейді марқұмның ағасы Сүлеймен Ысқақов.

Жақындарының сөзінше, Гүлнұр күйеуінің ұрып-соғатынын және қарым-қатынасының онша емес екенін айтып шағымданған. Ал қайғылы жағдайдан бір апта бұрын үйден қашып кеткен екен. Сол кезде ақсақалдар оны күйеуінің үйіне қайтаруға кеңес беріпті.

Ертесі күні Гүлнұр пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірін құтқара алмады.

Ал тәуелсіз сараптама қыздың өзіне пышақ сұғып алуы мүмкін екенін анықтапты. Алайда бұл жерде өзге адамның қатысы болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Ал тергеу келіншек суицид жасады деген нұсқаны негізге алып, істі жапқан.

«Сараптама қорытындысының 9 пункті бойынша қателіктер бар. Гистологиялық тексеру жүргізбеген, оқиға орнында түсініктеме алмаған. Тіпті, Гүлнұр Тұрдалының киімін тексеру де назарға алынбаған. Оған зорлық-зомбылық көрсетілді ме, ол жағы да анық емес. Енді біз мәйітке эксгумация жасатып, комиссиялық сот-сараптамасын жүргізуге мәжбүрміз», – дейді қорғаушы Елена Ушакова.

Марқұмның туыстары кезекті рет прокуратураға шағымданғаннан кейін оқиғаға қатысты үшінші мәрте іс қозғалды. Полициядағылар эксгумация мәселесі алдағы уақытта шешілетінін айтты.