Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттардың атынан Арыстағы жарылыстан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Ең біріншіден, барлық депутаттық корпус атынан Арыс қаласында болған төтенше жағдайдан қаза болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз. Сонымен бірге зардап шеккендердің тезірек жазылып кетуін тілейміз», - деді спикер мәжіліс отырысын бастамас бұрын.
Нығматулиннің айтуынша, төменгі палата депутаттары да бір күндік жалақысын арыстықтарға көмек ретінде аударған.
«Баршаңызға белгілі, осы күндері барша қазақстандық бір ел, бір халық болып, Арыс қаласының тұрғындарына қолдан келген көмекті көрсетуде. Соның ішінде Мәжіліс депутаттары да бірінші күннен бастап осы оқиғадан тыс қалған жоқ. Депутаттар өздерінің бір күндік жалақысын арнайы көмек көрсету қорына аударды», - деді ол.
Спикер депутаттардың Арыс қаласына аттанғанын атап өтті.
«Кешеден бастап біздің бір топ депутат халықпен кездесу үшін Арыс қаласына жол жүріп кетті. Баршамыз Арыс қаласының тезірек қалпына келіп, тұрғындардың жағдайының жақсаруын тілейміз. Арыс, біз – біргеміз», – деді Нығматулин.
24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімде өрт шығып, қоймада сақталған оқ-дәрілер жарылды. Салдарынан екі адам көз жұмып, 160-тан астамы дәрігерлердің көмегіне жүгінген.
Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары түгелдей жақын маңдағы елдімекендерге көшірілді.