«Алматы су» мекемесі қаланың оңтүстік бөлігіндегі тұрғын алабтарда судың сарғаюына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жер бетіндегі қайнар көздер – тау өзендерінің суын тұтынатын Алматының оңтүстігіндегі жекелеген тұрғын алабтарда суда уақытша пайда болған «сарғаю» – адамдар денсаулығына қандай да бір қауіп төндірмейді. Су түсінің өзгеруі суды тазарту станцияларында реагенттерді пайдаланудан болды. Арнайы коагулянттарды пайдалану – тау өзендерінен келетін судың мөлдірлік деңгейін тұрақтандыру үшін қажет. Бұл – бүкіләлемдік тәжірибе», – деп мәлім етті «Алматы судан».
Кәсіпорында атап өткендей, тазарту станцияларының жұмысы мұндай реагенттерді қолданбаса – тиімсіз болады. Онымен қоса, олардың адам денсаулығына еш зияны жоқ. «Бұл ретте, таудағы қайнар көздерден су алуға уақытша шектеу қойылды. Тұтынушыларды сумен қамту жерасты скважиналар есебінен жүргізілді. Сағат 13-тегі жағдай бойынша, фильтрлер қосымша тазартылып, берілетін судың сапасы жақсарғаннан кейін басты тазарту құрылғыларының жұмысы қалпына келтірілді. Суды тазарту және залалсыздандыру бойынша қажетті барлық технологиялық процестер атқарылуда», – деп косты мекемеден.
Айта кетейік, Алматы тауларындағы өзен суы лайланып, мегаполистің бірқатар шағынауданында су беру шектелген болатын.