Павлодарда банк картасын тауып алған жігіт 20 жылға сотталып кете жаздады

27.06.2019 14:44

Ерлі-зайыпты қарияларды өлтірді деп айыпталған жігіт бостандыққа шықты

Павлодарда қатыгездікпен ерлі-зайыпты қарияларды өлтірді деп айыпталған жігіт ақталды.

Былтыр күдікке ілінген Дархан Дүйсенаевты жергілікті сот екінші рет кінәсіз деп тапты, деп хабарлады КТК.

76-78 жастағы қариялардың мүрдесі былтыр ақпанда Майқайың кентінен табылған болатын. Дүйсенаев қариялардың банк карталарын көшеден тауып, банкомат арқылы тексергендіктен күдікке ілінді. Марқұмдардың денесін үй қызметшісі тапқан. Арада көп уақыт өтпестен Дархан қамауға алынады. Алайда елді мекен тұрғындары жас жігіттің жазықсыз қамалғанын айтып, наразылық білдірген.

Алғашында прокурорлар күдіктіні 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрапты. Бірақ сот қажетті дәлелдердің аздығына байланысты оны бүгін екінші рет ақтап шықты.

«Қылмыстың ешқандай түрі анықталмады. Қылмыс құралы мен киім де, қанды қолғаптар да табылмады. Бірақ қылмыскердің қолғаппен жұмыс істегені белгілі болды», - дейді адвокат Азамат Каунев.


Теги: Павлодар