ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияр өзінің Facebook парақшасында қазақстандықтарды Украинадан көшіру барысындағы жағдай, ондағы дипломаттардың жұмысы туралы жазба жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Соңғы бірнеше күн бойы әлемнің назары Украинада. Біздің Киевтегі елшіліктің қызметкерлері күні-түні жұмыс істеуде. Қазақстанның азаматтарына көмек көрсетіп қана қоймай, орналасқан елдеріндегі жағдай жөнінде өзекті ақпаратты да жіберіп тұрады.
Шұғыл ақпарат алмасу, туындаған мәселелерді жедел шешу мақсатында әрине белгілі бір мессенджерде жұмыс чатын аштық. Сол чатта бірге қуанып, бірге күрсініп жатамыз. Украинадағы әріптестерімізге сұрақтарды жаудырып, сол тұрған жерінде жауап бер деп жазатынымыз да бар.
Кеше ғана БАҚ-қа арналған брифингте айтып өткенімдей, ҚР азаматтары бар бірнеше автобус шекараға қарай жолда көлік кептелісінде тұрды. Олардың жартысы шекарадан өтіп, аман-есен Польшаның аумағында азаматтарымыздың екінші тобы келгенше қонақ үйге орналастырды.
Айтайын дегенім, бірінші топпен ілесіп келе жатқан дипломаттардың бірі қыз бала. Жағдай шиеленіскен алғашқы күннен бастап 24 сағат ұйқы мен демалыс білмей қызметін адал атқарып келеді. Қашан телефонмен қоңырау шалмасаң да, бірден жауап беріп, толық өзекті ақпарат береді. Даусынан байқалып тұрады қобалжығаны, бірақ білдірмейді.
Тек Польшаға келгенде көңілі босап, кішкене эмоцияға берілді. Алайда дипломаттарға ондай мінез белгісіз, сондықтан жарты сағаттан кейін «кешірім сұраймын, қайтадан қатардамын, тапсырма бар ма» деп чатқа жазды.
Лейла ханым, қазақ дипломатиясының бетке ұстар өкілі деп танимын сізді. Тағы кішкене уақыттан кейін елде қауышамыз деген сенімдемін. Қыз бала болғандықтан репатриациялық рейспен елге қайтарып жатырмыз.
Мен білетін Лейла болса Қазақстанға келіп демалып жатпай, Сыртқы істер министрлігіне келіп, Украинадағы жағдайға байланысты құрылған жұмыс тобының жұмысына кірісіп кететіні анық», - деп жазды ресми өкіл.