«Жылап, қатты қорықтым»: Оралда 13 жастағы қызды қақаған аязда автобустан түсіріп кеткен

Stan.kz
Stan.kz
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Оралда кондуктор 13 жастағы Вероника Коловертнованы үйіне үш аялдама жетпей автобустан түсіріп тастаған. Соның салдарынан жеткіншек үйіне қараңғыда жаяу баруға мәжбүр болыпты.

Бұл туралы «Уральская неделя» басылымына сілтеме жасап Stan.kz порталы хабарлайды.

Басылымда хабарланғандай, 8-сынып оқушысы мектепке арналған анықтама алу үшін емханаға барып, сол жақтан кешкі сағат 19:00 шамасында қайтып келе жатқан. Ол үйіне жету үшін №4 бағыттағы автобусқа отырыпты.

«Жолақысын алдын ала төлеп қояйын деп кондукторға жақындадым. Ол менен неше жаста екенімді сұрады. 13 жаста екенімді айтқанда, сенбей, құжат сұрады. Мен оған өзім туралы барлық мәлімет көрсетілген медициналық анықтаманы ұсындым. Алайда оның бұған көңілі толмады. «Өзің шығасың ба, әлде көмектесейін бе?» – деп сұрады», – дейді Вероника.

Сол кезде автобус адамға лық толы болса да, ересектердің ешқайсысы жеткіншекті қорғамапты.

«Үйге жаяу баруыма тура келді. Көпірдің астынан өттім. Қатты қорықтым», – дейді оқушы.

Осылайша ол жылап, үйіне 40 минут дегенде әрең жеткен. Анасы Любовь Толстованың сөзінше, қызы үйге келгенде көзі жасқа толы болыпты. Қатты тоңып, қорқып қалған дейді ол.

«Оны қайдан іздейтінімді білмедім. Алдынан шығайын немесе полицияға хабарласайын деп ойладым. Ерегіскендей, Верониканың телефонының қуаты таусылып қалған. Оған қоңырау шала алмадым», – дейді Любовь Толстова.

Ертесі күні әйел автопаркке хабарласпақ болыпты. Алайда сайтта көрсетілген нөмірге қоңырау шалғанда, ешкім жауап бермеген.

Содан кейін ол әкімдікке барған. Ол жерде ТКШ және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы қабылдап, әйел туралы мәліметті жазып алған. Алайда арызын қабылдамай қойған көрінеді.

Ал «Батыс Қазақстандық автопарк» ЖШС басшылығы өздеріне ешқандай шағым түспегенін айтып отыр.

«Бұл жағдай туралы ештеңе білмеймін. Ол өзі маған хабарлассын. Анықтаймыз. Қыздың анасымен, қыздың өзімен сөйлесіп, сондай жағдай болған-болмағанын, қай автобус, қандай жүргізуші екенін анықтайтын боламыз. Егер факт расталса, жүргізуші түсініктеме жазады», – дейді «Батыс Қазақстандық автопарк» ЖШС директорының орынбасары Данияр Мұхтаров.

 

Новости партнеров