Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді
Қызылордада қаржы пирамидасын құру арқылы халықтан 57 млн теңгеден астам қаржыны қолды еткен тұрғын бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Келеңсіз оқиға 2019 жылдың ақпан айында болған. Сол кезде Қызылорда қаласының тұрғыны «WhatsApp» желісінде «Миллион инвест» чаты арқылы қаржылық (инвестициялық) пирамида құрып, оған басшылық жасаған. Бұл әрекетін бірнеше рет қайталап, аса ірі мөлшердегі 57 млн теңгеден астам ақшаны қалтаға басқан. Осылайша ауыр санаттағы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған.
«Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. Онда қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және оған басшылық ету жағдайы көрсетілген. Тергеп-тексеру барысында полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігінің, олардың біріккен жүйелі жұмыстары өз нәтижесін берді. Күдіктінің қылмыстық іс-әрекеті толық дәлелденді. Нәтижесінде қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды. Сот процесінде күдікті өзі жасаған қылмыстық іс әрекетін толық мойындап, келтірілген шығынды жәбірленушілерге өндіруде. Қызылорда қалалық №2 сот шешімімен айыпталушы 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімімен оған жәбірленушілерге келтірілген шығын заңмен белгіленген тәртіппен өтеу міндеттелді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаменті.