Таңмен таласа Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек те ең маңызды таңдауын жасады. Ол ел ертеңі үшін ерте тұрып, сайлауға отбасымен бірге дауыс беру үшін нөмірі №40 мектептегі 235-сайлау учаскесене отбасымен бірге келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала басшысы бүгін дүйім жұрт саяси додаға бей-жай қарамай өз болашақтары үшін таңдау жасайды дегенге кәміл сенетінін айтты. Жалпы кезектен тыс Президент сайлауын бақылау үшін Алматы қаласына 80-нен астам халықаралық байқаушылар келген. Сондықтан сайлау ашық, әділ өтуі қатаң қадағаланады деді әкім.
«Бүгінгі сайлау ашық, жария, әділ өтеді. Барша сайлаушыларды, оның ішінде алматылықтарды бүгін сайлау учаскелеріне шақырамын. Бәрі Қазақстанның алдағы болашағы үшін. Елімізде тұрақтылық пен келісім және бірлік болса, елімізді бәріміз қолдасақ, онда әрқайсымыз өз таңдауымызды жасауымыз керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Айта кетейік, №235 сайлау учаскесіне 2279 адам тіркелген. Сайлау басталған 3 сағат ішінде оның біразы дауыс беріп үлгерді. Комиссия мүшелерінің айтуынша, дауыс беруге асыққан жұрттың көптігі сонша, есік ашылмай жатып-ақ учаске толып қалған. Сондықтан, тізімдегі жұрттың барлығы кешке дейін келеді деген үміт бар.
«Әркім өз азаматтық борышын өтеп, сайлауға келеді деген үміттеміз. Ешқандай заңбұзушылыққа жол берілмейді. Бүгін сағат 8-ге дейін жұмыс істейміз. Сайлаушыларды күтеміз. Кешке дейін барлық сайлаушы түгел дауыс береді деп сенеміз», – деді Алматы қаласы №235 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Айгүл ӘБІЛДАЕВА.