Денге безгегі: Қазақстан әуежайлары мен вокзалдарында тексеріс күшейді

elements.envato.com
elements.envato.com

Ауырған адамның дене температурасы көтеріліп, бас ауырып, жүрек айныйды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан әуежайларында шетелден келген туристерді тексеру қатаңдатылды. Египеттен шыққан белгісіз ауру адамда маса шаққаннан кейін пайда болады екен. Сондықтан ұшақтан түскен әр жолаушының дене қызуы өлшеніп жатыр. «Біздің елде мұндай дерт жыл сайын тіркеліп тұрады» дейді Денсаулық сақтау министрлігі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Аурудың жаңа түрі Египеттің Кена провинциясына жататын Эль-Аликат ауылындағы бірнеше адамнан анықталған. Науқастардың ыстығы көтерілген, сүйегі қақсап, басы айналған. Аталған елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сай, бұл – денге безгегінің симптомдары. Ал Мысырға демалуға барған қазақстандықтар мұндай ауру туралы естімеген.   

– Шарм-эль-Шейхтегі демалысымыздың бүгін бесінші күні. Келген кезде ешқандай шектеулерді байқамадық. Әуежайда дене қызуын өлшеп жатқан ешкім жоқ. Қазір жағажай қалыпты жұмысын жалғастырып жатыр. Адамдар ауру туралы естіп, бір-біріне таратып, үрейленіп жүрген ешкімді байқамадық. Қонақ үй не халық тарапынандезинфекция жұмыстын жүргізіп жатқанын көрмедік, – деді Алматы қаласының тұрғыны Асқарбек Қазанғап.

Денге безгегі ауа арқылы емес, қан арқылы тарайды екен. Бұл ауруды таратушы маса болып табылады. Сондықтан дәрігерлердің айтуынша, жәндіктің шағып алмауын қадағалау керек. Инфекционист мамандар шетелде жүргенде терезелерді жауып, жабық киім киюге кеңес береді. Сонымен қатар масаға қарсы дәрілерді пайдалану керек.  

– Бұл аурумен ауырып қалған адамда бірден дене қызуы 40 градусқа дейін көтеріледі. Адам әлсіз болып қалады, басы жиі ауырады. Оның үстіне, буындары сыр бере бастайды. Жүрісі өзгеріп, бүкірейіп бастайды. Себебі маса арқылы кірген у қан арқылы бүкіл денеге тарайды, – деді инфекционист дәрігер Наталья Ткач.

Биыл Қазақстанда денге безгегі бойынша 2 жағдай тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарына сай, Павлодар мен Астана қаласының тұрғындары аталған дертті Таиландта жұқтырыпты. Алайда қазір аурудан айыққан.

– Әуежай, темір жол вокзалдары, шекаралардағы көлік өткізетін бекеттерде тексерісті күшейттік. Қазақстанға қарай өткен әрбір адамның дене қызуы өлшенеді. Егер ауырып тұрғаны байқалса, бірден медициналық пункке жөнелтеміз. Ары қарай дәрігерлер анықтайды, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Жасұлан Алпысбаев.

Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары қазақстандықтарға алаңдаудың қажеті жоғын айтты. Себебі мұндай ауру тропикалық және субтропикалық елдерде тарайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, денге Африка, Оңтүстік-Шығыс азия және Батыс Тынық мұхитының 100-ден астам елінде көптеп кездеседі.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров