Қарағандыда мектеп оқушылары көршісін өрттен аман алып қалды

24.01.2023 14:49

Олардың бұл батырлығы әлеуметтік желілерде тарады

стоп кадр

Қарағандыдағы Сортировка тұрғын алабында шыққан өрттен мектеп оқушылары қарт көршілерін аман алып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

15 жасар Ерасыл мен 14 жасар Қанат көмек сұрап айғайлаған қарт көршілерді өрттен аман алып қалған.

Олардың бұл батырлығы әлеуметтік желілерде тарады. Алғысын білдірген жергілікті тұрғындар балалардың суретін жариялап, олардың көмегімен адам шығыны болмағанын атап өтті.

"Ол үйде ата мен әже тұрады. Ағам екеуміз оларға қар тазалауға көмектестік. Кенет үйден өрт болып жатыр деп айғайлады. Қарлы күректерді алып, үйге жүгірдік", - дейді Ерасыл.

Ерасылдың айтуынша, кейінірек басқа көрші бала келген. Жігіттер өртті қармен сөндірген. Кейін Ерасыл өрт сөндірушілерді шақырып үлгерген.

"Өрт орташа болды. Өрт сөндірушілер 15 минутта келді. Біз жартысын сөндірдік. Өрт сөндірушілер төбені және қабырғаларды өздері сөндірді", - деп түсіндірді бала.

Ерасыл 9-сынып оқушысы, ағасы Қанат Сортировкадағы №12 мектептің 8-сыныбында оқиды.