Мегаполисте өткен тәулікте тағы 14 қылмыс болды
Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы, қала коменданты Қанат Таймерденов мегаполис тұрғындары мен қонақтарына үндеу жасады. Ол өз мәлімдемесінде төтенше жағдай кезінде жасалған құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтіліп жатқанын ескертті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Осы уақытта жасалған құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік едәуір қатаң болады. Мен Алматы қаласының коменданты ретінде азаматтарға сақтық шаралары жайлы үндеу жасаймын. Араңдатушыларға ермей, тек ресми дереккөздерден алынған ақпараттарды қолданыңыздар. Заң талаптарын қатаң сақтап, қолданылып жатқан шараларға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын», – дейді Қанат Таймерденов.
Алматыда өткен тәулікте тағы 14 қылмыс болды. Бірақ олардың барлығы ізі суымай ашылды. Қазір қаланы лаңкестерден тазарту жұмыстары жүріп жатыр.
«Полиция жасақтарымен Алатау және Медеу аудандарында профилактикалық және іздестіру шаралары өткізілді. Осы уақытта 1678 күдікті ұсталды. Заңсыз айналымнан 36 бірлік қару және 1476 оқ-дәрі тәркіленді. Алматының шетінде орналасқан 5 блок-бекетте 38 адам ұсталды. 102 пультіне 881 хабарлама келіп түсті. Комендатураның Call-centre орталығына азаматтардан жедел әрекет етуге талап ететін 136 қоңырау қабылданды. Барлық хабарламалар өңделді», – деді Полиция департаментінің бастығы, Алматы қаласының коменданты Қанат Таймерденов.
Оқи отырыңыз: Алматы полициясы нысандарды қиратып, тонады деген күдікпен 1 678 адамды ұстады
Айта кетсек, қала коменданты Қанат Таймерденов Алматыдағы ахуалды күнделікті таңғы сағат 9.00-де Almaty.tv арнасынан хабарлап отыратын болады. Әзірге жергілікті тұрғындардың сыртқа шықпай, қауіпсіздік шараларын сақтағаны өте маңызды.