Шымкентте көпбалалы отбасы 5 жыл бойы салған үйінен айырылды

Otyrar.kz
Otyrar.kz
Күздің қара суығында бұл отбасы қарапайым отқа жылынуға мәжбүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте көпбалалы отбасы өрт салдарынан баспанасынан айырылды. Еникеевтер отбасының 5 жыл бойы маңдай терімен көтерген үйі отқа оранған. Құтқарушылар "тілсіз жау ескі пештен шыққан" - дейді. Дегенмен апаттың нақты себебін өрт зертханасы әлі де анықтап жатқан көрінеді, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі Otyrar.kz порталына сілтеме жасап.

Күздің қара суығында бұл отбасы қарапайым отқа жылынуға мәжбүр. Тілсіз жау салдарынан шатырсыз қалған Еникеевтер отбасында 7 адам бар. Далада қалған 5 бірдей баланың әкесі сантехник болып жұмыс істейді екен, ал әйелі жұмыссыз. Көпбалалы ананың айтуынша, күйеуінің жалақысы мен алатын жәрдемақысы ештеңеге жетпейтін көрінеді. Өрт шыққан түнді отбасы мүшелері қорқынышпен еске алады.

"Біз шатырға шықтық, түтіннен дем алу мүмкін емес, бірден өрт сөндірушілерді шақырдық. Олар келді, алайда бәрі қирап қалған еді. Түнгі 3-тің кезінде біз оларға қоңырау шалдық, ал өртті 4 – терде сөндірді. Қызметкерлерің айтуынша, өрт электр сымдарынан болған екен, дегенмен менің ойымша ол электр сымынан болмаған. Яғни, бұл жерде емес, бөлменің арғы жағынан түтін шығып тұрды", – дейді Рамзия Еникеева.

Өрттен зардап шеккендердің айтуынша, олар бұл үйді тұрғызу үшін 5 жыл бойы еңбектенген екен. Еникеевтердің енді барар жері де, жаңа баспана салуға қаражаты да жоқ көрінеді.

Заңгер Евгений Яворскийдің айтуынша, мұндай жағдайда мемлекет отбасын үймен қамтамасыз етуге міндетті емес. Апаттан зардап шеккендер мәселені өздері шешуі керек дейді.

"Заң бізге мүлкімізді сақтандыруды міндеттейді. Егер ол сақтандырылған болса, онда үйді сатып алу немесе жөндеу үшін жағдайға байланысты ақшалай өтемақы жасауға болатын еді. Дегенмен сақтандырушылар да өз жұмысын өте ұқыпты орындайды, келісімшартқа отырғанда бәрін оқып шығуға тиіспіз", – дейді Евгений Яворский.

Бүтіндей бір отбасының далада қалуына себепші болған сол түнгі өртті 14 құтқарушы сөндірген екен. Жалынның бетін қайтаруға 3 бірдей техника жұмылдырылыпты. Мамандар әлі де өрттің себебін анықтауға тырысып жатқан көрінеді.

"Өртті қасақана қойды деуге еш күдік жоқ, негізгі себеп пеште. Жалын 6 шаршы метрді қамтыған, яғни үйдің төбесі мен шатыры түгелімен отқа оранды. Үй иелері бұған дейін пешті тазалағанын айтады, бірақ 2018 жылы да дәл осындай жағдай болды. Ол кезде де дәл осы үйден шыққан өрттің негізгі себебі пештің ақауы еді", – дейді Шымкент қаласы Абай ауданы ТЖ бөлімінің аға инженері Эльдар Паттахов.

Қазіргі таңда баспанасынан айырылған көпбалалы отбасы таныстарының үйін паналауға мәжбүр. Себебі өрттен түгі қалмаған бұл баспанада тұру енді мүмкін емес.

Новости партнеров