Алматы тауларында қыздарға қырғидай тиісетін маньяк пайда болды

11.07.2019 14:56

Азғынның қолына түсе жаздаған жалғыз ресейлік қыздар ғана емес екен

Алматының әсем тауларын көру үшін оңтүстік астанаға ат басын бұрған ресейлік арулар тауда өздеріне тиіскен бейтаныс азамат жайлы айтты. Ер адам жалғыз жүрген турист қыздарға оғаш қылық танытып, оларды пышақпен қорқытқан көрінеді. Екі бойжеткеннің зәресін ұшырған адамды қазір қорықшылар іздеуде, деп хабарлайды КТК.

Алатаудың табиғатын өз көзімен көріп, Фурманов шыңын бағындыруға келген Мария Седова мен Марина Нахимова мұндай жағдайға тап боламыз деп ойламаған. Олар «Кім асар» шатқалында бейтаныс ер адамға кезігіп, одан әрең қашып құтылғандарын айтады.

«Тіпті атып тастаймын деп сес көрсетті», – дейді Нахимова.

Бейтаныс ер адам алдымен бойжеткендерді әңгімеге тартқан. Олардың жалғыз жүргеніне көзі жеткен соң, оғаш қылық таныта бастаған.

Ол екі бойжеткеннің соңынан қалмай, ақыр соңында қуалап, пышақпен қорқытса керек. Алайда, абырой болғанда қыздарға орта жолда басқа адамдар кезігіп, маньяк орманға кіріп жоқ болып кеткен.

Басынан өткен оқиғаны желіде жариялаған ресейлік арулар енді Қазақстанға аттап баспайтындарын жеткізді.

Телеарнаның мәліметінше, азғынның қолына түсе жаздаған жалғыз ресейлік қыздар ғана емес екен.

Күдікті сол күні тауда серуендеп жүрген тағы екі әйелге тиісіп, анайы ұсыныс жасаған көрінеді. Тауда әйел аңдыған маньякты қорықшылар әзірге қолға түсіре алмай жүр.

«Ол адамды суреттен көрдік. Арықша келген. Кепкасы бар басында. Сақал-мұрты бар екен. Сол сурет арқылы іздеп жатырмыз», 

– дейді Айбол Молдақынов есімді қорықшы.

Тауда қалып қойған талай адамды құтқарған қорықшы мұндай жағдаймен бірінші мәрте кезігіп отырғанын айтады. Азғынды атпен іздеген қорықшылар оны қалайда табуға сөз берді. Күдіктінің жасы шамамен 45-50-лерде.

«Қорықпай демалуға шақырамын. Келіп демала берсе болды. Маньяк әлі табылған жоқ, бірақ табамыз», – дейді Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық бағы Медеу филиалы директоры орынбасары Серікжан Сұраншин.

Қазір Алатаудың атына кір келтірген ер адамның қыздар түсіріп алған суреті барлық бөлімшелерге таратылған.