Нұр-Сұлтан мен Алматыда күшейтілген карантин режимі басталды

29.03.2020 20:13

28 наурыздан бастап екі қалада карантин режимін күшейту туралы шешім қабылданды

Фото: polisia.kz

Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында күшейтілген карантин режимі басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Айта кетерлігі, Мемлекеттік комиссия 28 наурыз сағат 00.00-ден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін күшейту туралы шешім қабылдаған болатын. Слның ішінде:

– Азаматтардың азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуды және жұмысқа баруды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуын шектеу;

–  Халық көп жиналатын орындарды жабу (саябақтар, скверлер, жаяу жүретін көшелер, жағалаулар, ойын алаңдары және т. б.);

– Қоғамдық көлік жұмысын кезең-кезеңмен шектеу; - Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық топтасып жиналуға тыйым салу (отбасы мүшелерінен басқа);

– Кәмелеттік жасқа толмағандардың үлкендерсіз сыртта жүруіне тыйым салу шаралары қабылданды.

Сонымен қатар, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында Шымкент қаласындағы Абай ауданында «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын үй алабында үйді-үйді аралауды ұйымдастырумен 14 күнге созылатын карантин енгізіледі. Шымкент қаласында сондай-ақ, әуежайдың, теміржол вокзалы және автовокзалдың, балабақшалардың жұмысы тоқтатылады.

Халық көп жиналатын жерлер жабылады (саябақтар, скверлер, жаяу жүргінші көшелері, ойын алаңдары т. б.). Қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысы сағат 18.00-ге дейін шектеледі.

Қоғамдық көлік қозғалысы кезең-кезеңмен шектеледі. Азық-түлік дүкендерінің, сауда орталықтары мен киім-кешек базарларының, қызмет көрсететін нысандардың жұмыс режимін шектеу Шымкент қаласы әкімінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.