Туыстарының айтуынша, Батураны ұрып-соғып, тонап кетуі мүмкін
Алматыда сұлулық салонында жұмыс істейтін 40 жастағы Батура Мамедова жұмбақ жағдайда жоғалып кетті. Екі баланың анасының табылмай жатқанына екі апта болды, деп хабарлайды КТК.
Әйел екі апта бұрын сұлулық салонындағы жұмысынан шығып, үйіне беттеген. Бұл туралы туыстарына да айтыпты. Оның үйі жұмысынан бірнеше сағаттық жерде орналасқан. Алайда Батура Мамедова сол бойы үйіне оралмаған, тіпті екі аптадан бері бір хабар да жоқ. Туыстары оның қайда екенін білмей дал.
Олар Батураны ұрып-соғып, тонап кетуі мүмкін деп топшылайды. Айтуларынша, жоғалып кеткен күні оның қолында қомақты қаражат болған. Сонымен қатар үстінде бағалы әшекейлері болыпты.
«Алқасының өзі 40 грамм шығады. Жүзіктері, тағы да басқа алтын әшекейлері болды. Бұған дейін ол ешқашан бұлай хабарсыз кеткен емес. Кешігетін болса, міндетті түрде хабарлайтын», – дейді туысы Гүлімзар Гадирова.
Жоғалып кеткен әйелдің туыстары құқық қорғау органдарына шағымданған. Түрксіб аудандық полициясы істі тергеп жатыр.
Сондай-ақ, әйелдің туыстары еріктілерден көмек сұрап отыр.