1 қаңтардан бастап мобильді аударымдарға байланысты ережелер күшіне енеді

17.12.2025 15:35

Қаржы вице-министрі балаларына ақша аударып, достарына көмекке қарыз беру секілді аударымдарға қатысты ешқандай сұрақ туындамайтынын жеткізді

1 қаңтардан бастап Қазақстанда мобильді аударымдарға байланысты жаңа ережелер күшіне енеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, азаматтардың жіберген сомасы 1 миллион немесе 10 миллион теңгеден асқан күнде де, оларды кәсіпкер ретінде тіркеу міндеттелмейді. Алайда егер бір ай ішінде 110-нан астам адамнан ақша түсіп, сол айдағы жалпы сома 1 миллион теңгеден асса және бұл жағдай 3 ай қатарынан әртүрлі адамдардан түскен аударымдар арқылы қайталанса, онда азаматтың кәсіпкерлік қызметпен айналысып жатқан-жатпағанын анықтау үшін тексеріс жүргізіледі. Десе де, вице-министр балаларына ақша аударып, достарына көмекке қарыз беру секілді аударымдарға қатысты ешқандай сұрақ туындамайтынын жеткізді.

«Егер жеке азамат есеп шотына 10 немесе 5 млн теңге  2-3 адамнан түссе, тексерілмейді. Сондай-ақ қаңтарда ақша алып, ақпан айында алмаса, байқауға түспейді. Ақша қатарынан үш ай түсуі керек.Тағы бір айта кететін жағдай, біз жеке азаматтардың есеп шотын бұғаттамаймыз. Хабарлама береміз, түсініктеме айтылып, қабылдасақ, шара қолданбайды», – деді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Оқи отырыңыз: Үкімет елдегі музейлерде қауіпсіздікті күшейтпек