Шалғайдағы елдімекендер жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылуы керек. Бүгін 5 G-ді пайдаланудың басымдықтары туралы айтқан еліміздің үкімет басшысы осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аталған технология ең алдымен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында енгізілмек. Ал, ауылды жерлерді ғаламтормен қамту тапсырмасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған. Жоғары жылдамдықты желінің арқасында ауыл тұрғындары заман талабына сай электронды қызметтер мен сервистерге қол жеткізбек. Бұдан бөлек, медициналық қызметтерді алып, электрондық сауда-саттық жасап, білім алуына да мүмкіндік бар. Тапсырмаға сәйкес, 2022 жылға дейін 5 мыңнан астам елдімекенді Интернетпен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл – ауыл тұрғындарының 97 пайызы. Осы ретте Үкімет басшысы Асқар Мамин еліміздің цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне бірқатар тапсырма жүктеді.
«Байланыс операторларымен бірге өңірлерде оптикалық байланыс желілерін салу мен ауылдарды жылдамдығы жоғары интернетке қосу жұмысын жеделдетуді тапсырамын. Бұл жұмыс 2022 жылы белгіленген мерзімде аяқталуға тиіс», – деді ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИН.
Премьер-министр әуелі 5G-ді пайдаланудың басымдығын дұрыс анықтап алу қажеттілігін баса айтты. Жоғары сапалы интернет желісі, әсіресе мектептер мен ауруханаларда, яғни әлеуметтік нысандарда болуы тиіс деді. Бұл элекрондық оқулықтар мен телемедицинаны пайдалану үшін қажет. Бүгінде еліміздегі 3324 ауылдық елдімекен кең жолақты ғаламтормен қамтылған. Алты мыңға жуық елдімекенде интернет әлі күнге дейін 2 G технологиясымен жұмыс істеуде.
«Біз әрине мұны қазір біліп, екі үлкен жоба өткізіп жатырмыз. Бірінші жоба – талшықтық-оптикалық желілер арқылы кең жолақты интернет 1250 елдімекендерге дейін қосыламыз. Екінші – 4 G LTE стандарттары арқылы тағы да қосымша 880 ауылдарға дейін кең жолақты интернетпен келеміз», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ.
Осылайша 2022 жылдың соңына дейін 5089 елдімекенді интернетке қосу жоспарланған. Ал қалған 2000-ға жуығы спутниктік технология арқылы қолжетімді болмақ.