Атырау облысында ХІV ғасырға жататын мыс және күміс тиындар көмбесі табылды

16.07.2022 19:10

Қазба жұмыстарына Атырау облысының әкімдігі қолдау білдірді

orda.kz

Атырау облысында Сарайшық қалашығынан мыс және күміс теңгелер көмбесі табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Археолог Амангелді Зайновтың айтуынша, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің мамандары ортағасырлық Сарайшық қалашығында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Қазба жұмыстарына Атырау облысының әкімдігі қолдау білдірді. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасына қарасты тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының тапсырысымен қолға алынған жұмыс кезінде көлемі 600 шаршы метр, тереңдегі 2 метр жер аумағы зерттелген.

«Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ортағасырлық қаланың тұрғын жайлары, кәріз жүйесі, керамикалық ыдыстар, моншақтар, өңделген сүйектер, диірмен, ұршық пен қайрақтың тастары, темір бұйымдар фрагменттері, тұрғын үйлердің жылу жүйесі табылды. Қазба орнынан ХІV ғасырдың екінші жартысына, Алтын Орда дәуіріне сәйкес келетін күміс, мыс тиындар көмбесін таптық. Көмбеден 200-ге жуық күміс, 50-ге жуық мыс тиын шықты. Бұл тиындар Алтын Орда хандары Жәнібек пен Азиз-Шейх хандардың тұсында соғылғаны анықталды», - дейді археолог Амангелді Зайнов.

Оның айтуына қарағанда, орта ғасырдағы Сарайшық қалашығына археологиялық қазба жұмыстары 15 маусымда басталған. Үй жануарларының сүйектері мен балық қалдықтары, өзге де артефактілер жайлы нақты мәлімет лабораториялық зерттеулерден кейін белгілі болады.

Өткен жылы Сарайшық ауылынан 15 шақырым қашықтықта жүргізілген қазба жұмыстары кезінде жебе ұштары, айна, керамика сынықтары, тиын сақтайтын шағын құмыра, Өзбек хан тұсындағы теңгелер мен монеталар табылған еді. Ғалымдар Ащысай өзенінің жағасында керуен сарайы, халық тұратын тұтас бір елді мекен болғанын дәлелдейтін жәдігерлер тапқан болатын. Сондай-ақ бұдан бұрын Атырау облысында оғыз-қыпшақ кезіндегі балбал тас, кейін көне қорғаннан сармат дәуіріндегі жәдігерлер табылғанын жаздық.