Министрдің айтуынша, 86 қалалық елді мекеннің ішінде 58 қалада ғана кәріздік тазарту қондырғылары бар
Қазақстанда ағынды суларды тазарту нормативтері Еуропалық стандарттарға сәйкес келтіріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, 86 қалалық елді мекеннің ішінде 58 қалада ғана кәріздік тазарту қондырғылары бар. Олардың орташа тозуы 60 пайыздан асты. 26 қаладағы қондырғыларды реконструкциялау және 27 қалада жаңадан салу керек. Аталған проблеманы шешу үшін алдын ала бағалау бойынша шамамен 330 млрд теңге қажет.
«Осы міндетті орындау үшін министрлік кәріздік тазарту қондырғыларын салуға бюджеттен тыс қаражат тарту тетігін әзірледі. Біз ағынды суларды тазарту нормативтерін Еуропалық стандарттарға сәйкес келтіруді ұсынамыз. Бұл сарапшылардың пікірі бойынша күрделі шығындарды 30 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді», - деді ол.
Министрдің айтуынша, биогаз өндіру және тұнбаны қайта өңдеу мүмкіндігі бар энергия тиімді технологиялар енгізілетін болады.
«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру үшін тұрғындарға салмақ түсірмеу мақсатында тарифтерді субсидиялаған дұрыс», - деді Роман Скляр.