Теңіз кенішінде 39 мың жұмысшы қысқартылады

21.12.2021 15:04

Бұл 2022 жылға жоспарланған

© Sputnik / Владимир Песня

Теңіз кенішінде жұмыс істейтін 39 мың адам жұмыстан қысқартылады. Бұл 2022 жылға жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі orda.kz сайтына сілтеме жасап.

Кен орнындағы «Келешек кеңею» жобасының аяқталуына байланысты жұмыстан босайтындардың 45 пайызы атыраулықтар екен. Осыған байланысты келер жылы өңірде жұмыссыздар саны күрт өсуі мүмкін.  

Хабар 24 мәліметінше, жаңа жылдың алғашқы үш айында 7 мың жұмысшы қысқартылады. Оның үш мыңға жуығы Атырау обылсының тұрғындары.

"Қысқарған жағдайда, өздеріңіз білесіздер, мемлекеттік бағдарламалар бар. Сол арқылы он екі мыңға жуық халықты жұмыспен қамтимыз деген жоспар бар. Мұнай химия кешені саласында инвестициялық жобалар жоқ емес. Жасалып, енді жасалайын деп жатқан жобаларды да атап өтуге болады. Соның аймағында құрылыс кезінде жиырма мыңға жуық халықты жұмыспен қамтимыз", – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Әбілқасымов.