Алматыда 77 супермаркет жұмысын қайта бастады

10.01.2022 15:05

Алматы азық-түлікпен қажетті көлемде қамтамасыз етілген – әкім

ашық дереккөз

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тіршілігін қалпына келтіру бойынша жұмыстардың барысын тексерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Супермаркеттердің біріне барған әкім тауарлар ассортиментін және дүкендерде азық-түлік қоймаларының болуын қарап шықты. 

«Бүгінгі күні қала азық-түлік тауарларымен және бірінші қажеттіліктегі тауарлармен жеткілікті көлемде қамтамасыз етілген. Алаңдауға негіз жоқ», - деді Б.Сағынтаев. 

Алматыда 77 супермаркет жұмысын қайта бастады. Соның ішінде 39-ы – «Magnum» дүкендер желісі, 9 – «Small», 1 –«Тоймарт». 

Үш ірі азық-түлік базары жұмыс істеп тұр. Олар - «Барыс», «Алматы 1», «Арыстан». 

44 жанар-жағармай құю бекеттерінің қызметі жанданды, тағы 25-і жұмысын бастауға әзірлік жүргізуде. Онымен қоса, 111 дәріхана, оның ішінде 107-сі сағат 08.00 – 19.00 аралығында ашық болады. 4 дәріхана тәулік бойы жұмыс істейді.