Аузыма қинап коньяк құйды: алып қашудың құрбаны болған шымкенттік қыз сұмдық жайттарды айтты

07.02.2019 05:10

Stan.kz

Шымкентте қыз алып қашуға байланысты даулы оқиға жалғасуда. Полицейлер бірден үш қылмыстық бап бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Қыз алып қашқан жігіт өзіне қол жұмсауға жеткізу, зорлау және заңсыз бостандығынан айыру баптары бойынша күдіктеліп отыр, деп хабарлайды Stan.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасап. 

Еске сала кетсек, Шымкентте алып қашудың құрбаны болған 19 жастағы қыз үшінші қабаттан секіріп кеткен еді. Ол аман қалды. Бірақ түрлі жарақат алған.

Бойжеткен биіктен құлағаннан кейін бас сүйек-миы зақымын алып, омыртқасы зақымдалып, аяғы ауырады. Аяжанның 20 жастағы Сұлтанмен таныстығы осылай аяқталды. Айтуынша, ол жігітке араларындағы қарым-қатынас достықтан әрі аспайтынын ескертекен. Алайда жігіт достарымен бірге оны алып қашып кетіп, пәтерге алып келіп, бірнеше күн зорлық көрсетіпті.

«Ол мені үйіне алып келіп, әйелдер шығып, басыма орамал салды. Олар менің келісімімді бергенім туралы қағаз жазып беруге мәжбүрледі. Артынша сұмдық басталды. Мен төсек қатынасынан бас тарттым. Ал ол мені бетімнен ұрып, түкірді. Аузыма қинап коньякты да құйып, есіңді білмесең бәрі жақсы болады деді.  Аяғымнан сүйреп жатқызды. Қыздығымды алды», – дейді Аяжан.

Бойжеткен терезеден секіріп кетпес бұрын дәрі ішіп, өзіне қол жұмсамақ болады. Алайда одан өзі қалағандай нәтиже болмағандықтан, секіріп кетуге бел шешіпті. Ауруханаға Аяжанды көршісі алып келген. Ал оның туған анасына болған жағдай туралы бір тәуліктен кейін ғана айтқан.

«Мен ол жігіттің осы жерде қызыма дөрекілік танытқанын естідім. Содан кейін оның әкесі палатаға кіріп, біздің масқарамызды шығаратынын айтып айқайлады. «Отбасыңды жина, мен қызыңның біздің үйде коньяк ішкенін және үнемі арақ сұрағанын айтамын» деді. Мен өз қызыма сенетінімді айттым», – дейді Аяжанның анасы.

Жас жігіт Аяжанды 18 қаңтарда алып қашқан, ал 31 қаңтарда бойжеткен ауруханаға түсіпті. Алайда оқиғаға қатысты қылмыстық іс таяуда ғана қозғалыпты.

«Құқық қорғау органдарына қояр сұрағым бар. Неліктен олар дер кезінде әрекет жасамады? Бұл сұрақ тергеуге бағытталады. Полиция департаментіндегілер оның терезе жуып жатып құлап кеткенін айтады. Ал зардап шеккен қыз мұны жоққа шығарып отыр», – дейді заңгер Еркін Қахаров.

Оқиғаға қатысты дау туындағаннан кейін полицейлер бірден күйеу жігітті тауып, «Өзіне қол жұмсауға жеткізу» бабы бойынша із қозғаған. Алайда бірнеше сағаттан кейін іске басқа баптар да қосылды. Әзірге жігітке күдікті статусы берілген және ол бостандықта жүр.

«Өз-өзіне қол жұмсамақшы болған 19 жастағы қыздың оқиғасына қатысты Қылмыстық кодекстің қосымша 120-шы бабы «зорлау» және 126-шы «заңсыз бас бостандығынан айыру» баптары бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», – дейді Шымкент қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Әсел Саденова.

Қазіргі уақытта полиция бірнеше сарапатама жасап жатыр. Аяжанның туыстары алып қашқан жігітті ғана емес, оның ата-анасын да жауапқа тарту керектігін айтып отыр. Себебі олар кемсітуге жол берді, дейді олар.