ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Көрісу күнімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы ол Twitter парақшасында жазды.
«Баршаңызды бүгінгі Көрісу күнімен құттықтаймын! Ежелден келе жатқан ата салтымыз бойынша жастар осы күні үлкендерге сәлем беріп, батасын алады. Жұрт бір-біріне ақ тілектерін арнайды. Бұл – нағыз береке-бірлік пен ырыс-ынтымақтың мейрамы»,– деп жазды мемлекет басшысы.
Көрісу күні – әз Наурыздың бір тармағы, алғашқы мерекесі. Қыстан аман шығып, көктемге аяқ басқанына қуанған халықтың бұл ғұрпы бүгінде Қазақстанның батыс аймағында айрықша атап өтіледі. Көрісудің қай уақыттан бері тойланып келе жатқаны турасында нақты мәлімет жоқ. Бастысы- Жер Ана жаңарған тұста адамдар өкпе-ренішті ұмытып, ағайынның амандығын тілеген, арнайы сәлем берген.
«14-наурыз – қазақтың жаңа жылы. 12 жылдық мүшел бойынша жыл сайын жаңарады. Биыл тышқан жылы кетіп, сиыр жылы келеді, сол кезде біздің халқымыз бірін-бірі құттықтап көріседі. Көрісудің басқа да түрі бар. Ол – ағайын-туысы қайтыс болған кезде, құшақтасып, көрісіп жылайтын. Ол басқа жағдай»,– деді мәдениеттанушы, этнограф Серік Ерғали.
Тәрбиелік мәні тереңде жатқан бұл күні әр үйдің есігі ашық, дастарханы жаюлы тұрады. Көшпелі қазақ даласында қысқы әбігерден соң ел-жұрттың жайын, мал мен бастың амандығын сұрап, білу- адамдық парыз саналған. Бұл күннің де негізгі астары сонда жатыр. Айта кету керек, бұл күн тек бір күндік қуаныш емес. Аптадан аса тойланған көрісу көшпелі халықтың қастерлі мерекесі – әз Наурызға жалғасқан.
«Бұл көрісу – ғұрып. Көрісу – мереке емес. Бұрын мобильді телефон болған жоқ, құтпарақ, смс жолдау деген болмады. Сондықтан бірін-бірі төс қағыстырып, құттықтаған. Бар болғаны осы»,– деді мәдениеттанушы, этнограф Серік Ерғали.
Ырымға сенсек, бұл күні кем дегенде үш үйге кіріп, сәлем беру керек екен. Сондай-ақ үйдің, киімнің, ауланың таза болуы да назардан тыс қалмаған. Қарыз алған болса, қарызын қайтару, реніші болса, ұмыту сынды амалдар да осы күні атқарылады. Көрісу күніне ешкім арнайы шақырылмайды, ал көріскен жұрт «Бір жасыңмен!», «Жаңа жас құтты болсын!» деген. Бұл сөздің мәнін қала тұрғындарынан сұрап көрдік.
«Бір жасың құтты болсын» деп айтуының себебі, қазақ қыстан аман-есен шығып, көктемнің алғашқы күні көкке ілінген кезде, бір-біріне барып, құттықтап, көріскен»,– деді қала тұрғыны Қасымхан Жұмасіл.
«Наурыз – қазақтың мейрамы. Көрісу күнін «қазақтың жаңа жылы» деп те айтады. Көрісу күнінде араздасқан ағайындар татуласады. Бір-біріне қонаққа барады», – деді қала тұрғыны Жақсыгелді Ақбердиев.
Қалай болғанда да, ежелден жеткен осындай ғұрыптар ұлтты тағылым мен өнегеге, адамгершілікке үндейді. Мұндай дәстүр расында «рухани жаңғыру», шынымен «ұлттық код» екені даусыз. Алайда эпидемиолог мамандар «мейрам кезінде әуелі денсаулық басты орында екенін ұмытпаған абзал» дейді. Себебі індет іргеден алыстаған жоқ.
Мадина Оқас, «Алматы» телеарнасы