Тоқаев Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады

01.06.2024 15:05

Еліміздегі әрбір жеткіншек мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі тиіс

Аkorda.kz

Ақорда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтауын жариялады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Аkorda.kz-ке сілтеме жасап. 

-Құрметті отандастар!


Баршаңызды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын! Жарқын жаз өскелең ұрпаққа қамқорлықтың символына айналған осы мерекеден басталады.


Ұл-қыздарымыздың парасатты және жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтардың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау әрдайым мемлекеттің басты басымдығы саналады. Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан еліміздегі әрбір жеткіншектің мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі, ертеңгі күнге сеніммен қарауы өте маңызды.


Мен жас ұрпақ Әділетті Қазақстанның негізгі қағидаттарын нақты жүзеге асырып, «Адал азамат» тұжырымдамасының озық идеалдарына толық сай болады деп сенемін. Ол үшін біз бүкіл қоғам болып жалпыұлттық құндылықтарымызды ұрпақтың бойына сіңіруіміз және оларды еңбекқорлық пен білімпаздыққа баулуымыз керек. Сондай-ақ төл тарихымыз бен мәдениетімізді құрметтеуге үйретуіміз қажет.


Барлық бала ата-анасы мен жақындарын оқудағы, шығармашылық саладағы және спорттағы жетістіктерімен, жақсылық пен жасампаздыққа ұмтылысымен қуанта берсін!


Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, толайым табыс тілеймін!,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Алматы №36 қалалық емханасы мүмкіндігі шектеулі балалар үйіне барды