Тыйымның негізгі себебі — өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау
Вейпке салынған тыйым бүгін өз күшіне енді. Елімізде енді электронды темекіні саудалауға болмайды. Зиянды өнімді таратуға және оны жарнамалауға шектеу қойылып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұған дейін емін-еркін саудаланып келген электронды темекі бүгіннен бастап сөрелерден алынды. Вейптер үшін енді қылмыстық жауапкершілік бар. Зиянды өнімнің айналымын тыюды көздейтін арнайы бап енгізілді. Оған сәйкес, шегуге жатпайтын темекі өнімдерін, электрондық тұтыну жүйелерін, хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сатуға шектеу қойылған. Тек ол ғана емес, жарнамалауға да тыйым бар.
– Бұл – қатаң қабылданған шара. Әлем елдерінде зиянды өнім саудасына тыйым салып қойды деп айта алмаймын. Тайланд пен Сингапурдан кейін вейп саудасына тыйым салған үшінші мемлекетпіз. Бұл жастар, қоғам үшін аса маңызды. Екінің бірі осы электронды темекіні қолданып жүр. Тосқауыл қоймаса болмайды, – деді «Темекісіз Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының жетекшісі Жансая Садықова.
Күшіне енген жаңа заң бойынша вейпті сатқандар 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Төлей алмаған жағдайда, 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады. Электронды темекіні шекара асырып, елде өндіргендерге де жаза қарастырылған. Мұндай жағдайда 2 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл міндеттеледі. Ережені ескермей, қылмысты бірнеше рет қайталаған жағдайда темір торға қамау қарастырылған.
– Тұтынған адамға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің баптарына байланысты жауапкершілік бұған дейін де көзделген. Белгіленбеген жерде өнімді тұтынып жатса, жауапкершілікке тартылады. Егер дүкенде, басқа да сөреде болса, тұрғындар 102 арнасына хабарласып айтуын сұраймыз. Полиция басқармасы шара қолданады, – деді Полиция департаменті Есіл аудандық ПБ бастығының бірінші орынбасары Азамат Садықов.
Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде вейптердің таралуы 200 есеге өскен. Түтініне тәуелді жастар қатары күн санап артпаса, кемімей тұр. Буын будақтатып қойып, еш қысылмастан қолданып жүргендер көбі – Алматы, Астанадағы жас буын көрінеді. Енді мұндай еркіндікке жол берілмейді.
Әлем нарығында бұл темекінің 16 мың түрі бар десек, 30-дан астам ел оны саудалауды заңмен шектеген.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыдағы тағы бір кітапхана 24/7 жүйесінде жұмыс істейтін болды