Шымкенттік отбасының қолда бар заттардан шатыр тұрғызып, сонда тұрып жатқанына бірнеше күн болған. Редакция тілшілері ерлі-зайыптылармен кездесіп, олардың мұндай күйге қалай түскенін анықтап қайтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
«Пәтер жалдап тұрғанбыз, сосын қожайындар оны босатуды сұрады. Осындай баспана тұрғызуға тура келді. Үш баламыз бар, үлкені алтыда. Олар бәрін түсініп отыр. Бұл уақытша қиындықтар екенін білемін. Тек жауын кезінде ұйықтаған жоқпын, балаларыма су тимесін деп, шатырдың ортасын көтеремін. Жаңбыр өтті де кетті ғой», – деді Меруерт Арқарбекова.
Әйел адамның айтуынша, отағасы үшінші топ мүгедегі, жұмысқа жарамсыз. Меруерт жалғыз өзі жұмыс істейді екен. Жалақысы – 80 мың теңге.
Жақында тағы бір балаларын күтіп жүр.
Бұл жанұяның суреті әлеуметтік желіде жарияланып, адамдар оларға азық-түлік пен ақша әкеліп жатыр екен. Меруерттің айтуынша, адамдар тамақ, ақша әкеліп, тіпті уақытша баспана да ұсынған, бірақ олар бас тартыпты.
«Ешкімге масыл болғым келмейді. Жай ғана осындай қиындыққа тап болдық. Адамдардың қол ұшын созғандарына риза болдым. Біреуге біреу міндетті емес. Барлық қиындықтар уақытша», – деді келіншек.
Меруерттің айтуынша, олардың құжаттары жоқ, сондықтан жәрдемақы алмайды.
«Қарызымыз болған. Кепіл ретінде құжаттарымызды тастағанбыз. Жеріміз бар, сол жерге үй саламыз. Алайда жердің де құжаттары жоқ.
Қарызға ақша алып, жерді рәсімдеген едік. Бірақ оны рәсімдеумен айналысқан ер адам із-түзсіз жоғалып кетті. Сол жерге үй салуды жоспарлап отырмыз.
Ақша жинаймыз. Пәтер жалдамаймыз, одан да сол ақшаны құрылыс материалдарына жұмсауды жөн көріп отырмыз», – дейді Меруерт Арқарбекова.