Бұл қаржы реттеу тетіктерін іске асыруға, оның ішінде қаланың сауда жүйелерінде келісілген бағамен сатылатын тауарлар желісін ұлғайтуға арналған
Алматыда азық-түлік бағаcын тұрақтандыру шараларына шамамен 9 млрд теңге жұмсалады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен өткен жұмыс кеңесі барысында азық-түлік қауіпсіздігі және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағаларын ұстап тұру мәселелері талқыланды.
Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін шамамен 9 миллиард теңге жұмсалады. Бұл қаржы реттеу тетіктерін іске асыруға, оның ішінде қаланың сауда жүйелерінде келісілген бағамен сатылатын тауарлар желісін ұлғайтуға арналған.
Бүгінгі күні «Maгнум» сауда желісімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін 10-нан 13 позицияға дейін ұлғайту жөнінде келісімдер жасалды. Оған қант, күнбағыс майы, сиыр еті сияқты өнімдер енгізілді. Сонымен қатар, жекелеген позициялар бойынша сауда таңбаларының тізімі 10-нан 24 атауға дейін ұлғаяды. Олар: күнбағыс майы - 5, күріш - 3, жұмыртқа - 2, тауық еті - 4. Бұлардан өзге, келісілген бағамен сатылатын өнімдердің жалпы көлемі 8,5 мың тоннаға дейін артады.
«Сабыржан Company» ЖШС-мен жасалған қолданыстағы несиелік келісімнің аясында 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Тоймарт» сауда желісінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін 7-ден 12 позицияға дейін арттыру жоспарлануда, олар - қант, күнбағыс майы, пияз, қырыққабат және айран. Сауда белгілерінің саны 7-ден 15-ке дейін өседі. Азық-түлік өнімдерінің жалпы көлемі 1,8 мың тоннаға дейін ұлғаяды.
Қабылданған шаралар бағаны тұрақтандыруға бағытталған, ең алдымен қазіргі кезде сұранысы артқан өнім түрлеріне. Қала әкімі Б. Сағынтаев әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағаларына қатысты жағдайды бақылауды әрі өнімнің күрт қымбаттауына және базардағы алыпсатарлық әрекеттерге тосқауыл қоюды тапсырды.
Айта кетерлігі, дистрибьюторлармен және өндірушілермен жалпы сомасы 2,5 миллиард теңге болатын «фьючерлік» келісімшарттар жасау бойынша жұмыстар басталды. Аталған қаржы 2021-2022 жылдардағы маусым аралығы кезеңінде 21 мың тонна көкөністі дайындауға жұмсалатын болады, бұл жалпы тұтынудың 20%-ын құрайды.
Қазіргі кезде Алматы қаласының азық-түлікті Тұрақтандыру қорына 3,3 мың тонна өнім сатып алу жұмыстары қосымша пысықталуда, оның ішінде 2 мың тонна қант, 1 мың тонна күріш және 0,3 тонна қарақұмық.
Жалпы, жыл басынан бері Алматыда әлеуметтік маңызы бар өнімдердің баға индексі 110,5%-ды құрады. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағаларын ұстап тұру жөніндегі жұмыстар қала әкімдігінің тұрақты бақылауында болады.