Президент әлем бетпе-бет келіп отырған үш бірдей сын-қатерді атады

23.09.2021 21:57

Мемлекет басшысы биыл 270 миллион адам азық-түлік тапшылығын сезінетінін атап өтті

Әлем бетпе-бет келіп отырған үш бірдей сын-қатерге назар аударуы тиіс. Олар: COVID-19 пандемиясынан кейін қайта қалыпқа келу, климат дағдарысы және Ауғанстандағы гуманитарлық жағдай. БҰҰ Бас Ассамблеясы 76-сессиясының Жалпы дебаттарында Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс жасады. Президент вакциналарға жаһандық қолжетімділікті барынша әрі тез кеңейтуді ұсынып, екпелермен екіжақты негізде немесе COVAX жүйелері арасында бөлісуге дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Экономикалық және әлеуметтік салдары әлі де ауыр болып отыр. Жұмыссыздық белең алып, миллиондаған адам күн көріс табысынан айырылды. Қазіргі таңда 130 миллионнан астам адам кедейлікке тап болып отыр.  Даму саласындағы ілгерілеуге кеткен талай жылдар құрдымға кетуі мүмкін. Пандемия көптеген салаларда осал тұстарымызды айғақтап, мультилатерализм мен халықаралық ынтымақтастықтың аса маңызды екенін анық көрсетті.  Біз барынша әділ, орнықты әрі гуманистік әлем қалыптастыруға міндеттіміз. Вакцинаға қолжетімділіктің жалпыға ортақ әрі әділ қағидасын қамтамасыз етуден бастау қажет. Бұл мәселені шешуде жаһандық этика мен ниеттестікті басшылыққа алған жөн», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар көмірқышқыл газдың өте жоғары деңгейіне, ормандардың өртке орануы, циклондар, су басу мен құрғақшылық адамдарға апат алып келетін қалыпты жағдайға айналып отырғанын атап өтті. Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегінен таза ел болуды көздейтінін жеткізді. Бұдан бөлек, Ауғанстан жағдайына тоқталған Президент келіссөздер өткізу арқылы инклюзивті және сайланған жаңа үкімет құру жөніндегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің үндеуін құптайтынын айтты.

«Қазақстан Ауғанстанның болашақта өз ішінде бірлігі жарасқан және көршілерімен тату тұратын тәуелсіз әрі егемен мемлекет болғанын қалайды. Ауғанстан өзінің халықаралық міндеттемелерін орындауды жалғастырып, ел аумағын террористтер, есірткі тасымалдаушылар мен адам саудасымен айналысатындардың ошағына айналдырмауы тиіс. Өзіміздің саяси немесе жеке пікірлерімізге қарамастан, Ауған халқының тағдырына бей-жай қарай алмаймыз. Ауғанстандағы ауыр гуманитарлық жағдайға баса мән беруіміз қажет. БҰҰ мекемелері мен басқа да гуманитарлық ұйымдарға жылдам, қауіпсіз әрі кедергісіз гуманитарлық қолжетімділік берілуі тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.