Қызды табуға оның туыстары мен еріктілер көмектескен
Алматы облысында жоғалып кеткен 14 жастағы оқушы қыз табылды. Ол Алматыда жалдамалы пәтерлердің бірінде тұрған, деп хабарлайды Tengrinews.kz облыстық Полиция департаментінің өкілдері.
Ведомстводағылар қыздың 7 қарашада жоғалғанын еске салды. Ұйғыр аудандық полициясының кезекші бөліміне Үлкен Ақсу ауылының 37 жастағы тұрғыны хабарласып, 2005 жылы туған қызы Нигара Кадирдинованың жоғалып кеткенін айтқан. Бойжеткенді іздестіру үшін аудан полициясының жеке құрамы мен еріктілер жұмылған. Қызды табуға оның туыстары мен еріктілер көмектескен.
"Қызды қызметкерлеріміз кеше Алматыдан тауып, Шонжыдағы үйіне қайтарды. Қазір ол туыстарына табысталды. Қыз интернет арқылы танысып, араласып жүрген жігітіне қашып кетіпті. Қызбен ювеналды полиция әңгіме жүргізіп, тізімге алды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамағаны үшін ата-анасын әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралып жатыр екен.