Алматыдағы Қоғамдық кеңестің төрағасы, академик, профессор, Тұран университетінің ректоры Рахман Алшанов қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Р. Алшанов Астана барша халықтың жетістігі дей келе, Елбасымыз – Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың ұйытқысымен пайда болған Нұр-Сұлтан қаласына деген сүйіспеншілігі туралы айтты.
«Қазақстанды бүкіл әлем біледі. Біз мақтан тұтатын нәрсе бар, жастар тарихты білуі керек. Астананың жанында археологтар ежелгі шағын Бозақ қаласын қазып жатыр. Сол жылдан бері бүгінгі Астанаға дейін халқымыз үлкен серпіліс жасады»,– деді ол.
«Тәуелсіз мемлекеттің жаңа астанасының құрылысы барлық қазақстандықтар үшін сын-тегеурінге айналды. Астана Қазақстанның дамыған елдерінің қатарына қосылуының жарқын материалдық мысалы. Біз мұны бірге жасай аламыз. Нұр-Сұлтан барша халқымыздың жетістігі. Алматылықтар жаңа астанаға алғашқылардың бірі болып келіп, оның қалыптасуына өз үлесін қосқанын атап өту қажет. Сәулетшілер мен құрылысшылар, мұғалімдер мен дәрігерлер оның дамуы үшін игілікті шаруа жасауға тырысты. Алматы – бюджеті жағынан республикадағы ең ірі қала. Нұр-Сұлтан да қазынаны толтыруға өз үлесін қосуда. Қаланың болашағы зор, ол бізді ұлы жетістіктерге, ұлы ерліктерге жетелейді деп сенемін»,– деді Қоғамдық кеңестің төрағасы Р. Алшанов.