Астанада Media Week 2023 басталды – «Media power: тенденциялар, өзгерістер, этика»

20.09.2023 15:13

Медиа индустрия этика, өзгерістер мен трендтер тақырыбы талқыланады

Almaty.tv.

2023 жылдың 20-22 қыркүйек аралығында Астанада Astana Media Week 2023 өтеді, онда Қазақстан мен шетелден келген медиа индустрияның жетекші сарапшылары жылдам өзгеретін медиа орта контексті, оның дəстүрлі медиа алдында тұрған өзекті сын-қатерлерін талқылайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жетінші медиа апталықтың тақырыбы – «MEDIA POWER: ТЕНДЕНЦИЯЛАР, ӨЗГЕРІСТЕР, ЭТИКА». Талқылаулар алдағы уақытта медиа жұмысын ұйымдастыру жолдарына, жаңа медианың еркіндігіндегі тепе-теңдікті іздеуге, ҚР медиа заңнамасында блогсаланы реттеуге, ақпараттық кеңістіктегі этика мен жауапкершілікке, жалған ақпаратқа қарсы тұруға қатысты болады.

Отандық сарапшылармен медиа диалогқа арнайы шақырылған қонақтар – ұлттық ведомстволар мен телеарналардың басшылары, Түркия, Корея, Əзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан жəне Ресейден келген танымал журналистер мен продюсерлер қатысады.

Astana Media Week 2023 шеңберінде цифрлық сауаттылық, деректерді қорғау, əлеуметтік желілердегі этика тақырыптары қаралады. Сарапшылар бұқаралық ақпарат құралдарындағы медиа өлшемдер мен жарнама тақырыбын, жалған ақпаратты таратуға жəне жарнамадағы манипуляцияларға қатысты мəселелерді талқылайды.

Медиа апталыққа қатысушыларға арналған жыл сайынғы «КОНТЕНТ-МАРКЕТ» көрмесіне əдеттегідей продакшн компаниялар мен телеарналардың өкілдері қатысады. Ашық жəне жабық питчингтер контент мейкерлерге жетекші БАҚ пен корпорациялардың басшыларына өздерінің жаңа өнімдерін ұсынуға мүмкіндік береді. Шараға алғаш рет тəуелсіз подкасттар мен диджатал контент авторлары қатысады.

AMW-2023 бірінші күні «Сыни тұрғыдан ойлау: Біз неге көргенімізге, естігенімізге жəне оқығанымызға сенбейміз?» тақырыбындағы Media Talks бейресми конференциясымен аяқталады.

Медиа апталықты баспасөз, радио, ғаламтор-журналистика саласындағы «Үркер» 2023 ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау іс-шарасы қорытындылайды.

Оқи отырыңыз: Сатып алуға ұсынылмайтын тұрғын үй кешендерінің тізімі жаңартылды